Қауіпсіз жұмыс талап етіп жүрген Жаңаөзен мұнайшылары Астанаға қайта келмекші. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мұнайшылардың мәселесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін облыс басшысы ОКҚ алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндаған болатын.
Брифингте журналист облыс әкіміне Жаңаөзен мұнайшыларына қатысты сұрақ қойды.
Кеше ғана мұнайшылар үндеу жариялады. Оларға «Мөлдір мұнай» деген кәсіпорынға жұмысқа тұруға ұсыныс берілген екен. Бірақ олардың айтуынша, жұмыс жыл соңына дейін ғана беріледі. Олар бірыңғай төлем жүйесі, еңбек қауіпсіздігі жөнінде де талабымыз орындалмай отырғанын айтып, мұнайшылар 15 маусымда Астанаға тағы да келеміз деп отыр. Бұған дейін өзіңіз ұсынған шешім мұнайшыларға ұсынылмаған сияқты. Жағдай қайтадан ушығып кетеді деп ойламайсыз ба? Мәселені реттеудің тетіктерін Астанадағы әріптестеріңізге ұсынып көрдіңіз бе? – деп сұрады журналист.
Облыс әкімі бұл сұрақтың тарихына тереңірек үңілу керегін айтты.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында мұнай-газ саласында қызмет көрсететін немесе мердігерлік жұмыстарды атқаратын 192 компанияның 57-сі осындай жағдайға тап болды. Яғни бұрын жұмыс істеп тұрған мекеме тендерден ұтылып қалып, басқа мекемеге ұтып алды. Осы 57 компанияда «Қазмұнайгаздағы» әріптестеріміздің қабылдаған шараларының арқасында 3 мыңнан астам адам жеңімпаз компанияға ауысты. Еңбек шарты, жалақысы тиісті деңгейде, бұрын жұмыс істеген жерінен төмен емес. Осы шаралар Жаңаөзендегі азаматтарға да ұсынылды. Олар тендерді ұтып алған жеңімпаз компанияның штатына ұсынысты қабылдамай, барғысы келмеді. Себебі олар кезінде сол мекемеден даумен шығып кеткен болатын, - деп айтты Нұрлан Ноғаев брифингте.
Өңір басшысының айтуынша, еңбек шарты бір жылдық мерзімге емес, ұзақ жылдық мерзімге жасақтау жөніндегі мәселені биылдан бастап «Қазмұнайгаз» «Самұрық-Қазынамен» бірлесе отырып шешті. Яғни биылдан бастап аталған жұмыстарды орындау үшін 3 жылға алған міндеттемелерді орындайтын болса, қосымша тағы бір жылға ұзартып, ұзақ мерзімді келісімшарт жасауға шешім қабылдады.
Бұл жұмыстар үшін 3 жылға 42 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл мекеменің материалдық-техникалық базасын жоспарды түрде жасақтауға, мекеменің қаржылық-өндірістік жоспарларын ескере отырып жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауға, қажет жағдайда заңсыз сәйкес арттыруға және басқа да мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді. «Мөлдір мұнай» мекемесінде жылдың аяғына дейін жұмыс көлемі бар. Азаматтарға жылдың соңына дейін сол жерде істеп, кейін 3 жылдық келісімшартқа қол қойылғаннан кейін «Мөлдір мұнай» мекемесі тендерді жеңсе, «3+1» жылға жұмысқа орналастыру туралы ұсыныс айтылды. Бірақ азаматтардың ол мекеменің материалдық-техникалық базасы нашар, еңбек қауіпсіздігі талаптарға сай келмейтіні және т.б. жөнінде сұрақтар қойды, - дейді әкім.
Ноғаев қабылданған шаралардың нәтижесінде өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері назарда екенін айтты.
Талап қойып отырған азаматтарға жұмыс істеуге толық негіз бар деп ойлаймыз, - деп айтты Маңғыстау облысының әкімі брифингте.
Сөзінше, Ноғаев мұнайшылардың астанаға қайта келуді жоспарлап отырғанынан хабардар.