Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жаңаөзен маңында екі көлік соқтығысып, бір жолаушы мерт болды

Бүгiн, 22:23
189
Бөлісу:
 lada.kz
Фото: lada.kz

Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы «Өзен» кен орны аумағында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл туралы  Lada.kz өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлеуметтік желілерде Жаңаөзен қаласына жақын жерде болған жол апатының орнынан түсірілген фотосуреттер тарады. Құқық қорғау органдары аталған оқиға фактісін растады.

Ведомствоның мәліметінше, 26 қаңтар күні шамамен сағат 19:00-де Қарақия ауданына қарасты «Өзен» кен орны аумағында Mitsubishi L-200 маркалы жол талғамайтын көліктің жүргізушісі көлік басқаруын жоғалтып, қарсы бағытта келе жатқан SHACMAN жүк көлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жол талғамайтын көлікте болған жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Ал түрлі дене жарақаттарын алған жүргізуші медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен (абайсызда адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша кінәлі тұлға бес жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылып, сондай-ақ бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жол-көлік оқиғасына қатысқан көлік құралдары мамандандырылған айыптұраққа қойылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді қолайсыз ауа райы жағдайында аса сақ болуға, жылдамдық режимін қатаң сақтауға және жол қозғалысы ережелерін бұзбауға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы