Жанабыловтарға қатысты іс бойынша сот отырысында блогерлердің адвокаты Гаухар Айтжанова журналистердің сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, әзірге істің мән-жайына қатысты толыққанды пікір айтуға ерте, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адвокаттың сөзінше, негізгі сот талқылауы 16 наурызға белгіленген және тараптар әлі іс материалдарын зерттеуге кіріспеген.
Әзірге ешқандай пікір бермеймін. Себебі негізгі сот талқылауы 16 наурызға белгіленді. Біз әлі іс материалдарын зерттеуге кіріскен жоқпыз, сондықтан қазір қандай да бір пікір айтуға ерте, – деді Гаухар Айтжанова.
Ол сондай-ақ қорғауындағы азаматтардың отбасы жағдайына байланысты да сақтық танытып отырғанын айтты. Адвокаттың сөзінше, айыпталушылардың кішкентай балалары бар.
Менің қорғауымдағы адамдардың кішкентай балалары бар, олар балабақша мен мектепке барады. Ата-анасының бейнесі әлеуметтік желілерде жиі көрсетіліп, түрлі пікірлер жазылады. Қолдау білдіретіндер де бар, бірақ сын айтып, жек көретін пікірлер де кездеседі. Бұл, әрине, жағымсыз. Сондықтан ең алдымен олар балалардың психологиясын қорғауды ойлайды, – деді адвокат.
Айтжанова қазіргі уақытта қорғау стратегиясы да жария етілмейтінін атап өтті.
Қорғауымдағы азаматтардың ұстанымын әзірге жарияламаймын. Олар сотта жауап бергенге дейін ешқандай мәлімдеме жасамаймыз, – деді ол.
Сондай-ақ адвокат іс бойынша қорғаушы ретінде сотта жалғыз өзі қатысып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ол бұл іске сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін ғана қосылған.
Бұдан бөлек, бүгінгі сот отырысында адвокат істі прокурорға қайтару туралы өтініш білдірген. Алайда қандай нақты заңбұзушылықтарға байланысты мұндай талап қойғанын әзірге ашып айтпады.
Мен бүгін барлық бұзушылықты айтқан жоқпын. Сот отырыстарына қатыссаңыздар, өздеріңіз бәрін естіп, көресіздер. Қазір алдын ала пікір айту дұрыс емес, – деді ол.
Айта кетейік, Жанабыловтарға қатысты іс бойынша сот талқылауы жалғасады. Негізгі сот отырысы 16 наурызға белгіленді.
Бұған дейін Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталғанын хабарладық.
Министр Ербол Мырзабосынов блогер Жанабыловтардың конкурсына байланысты туындаған дау жөнінде пікір білдірген.
Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге апелляция берілген болатын.
Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.