Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 52 жастағы әйел үш қабатты тұрғын үйде өрт кезінде қайтыс болды.
25 маусым күні сағат 19:22-де Жаңаарқа ауданы Жаңаарқа кентіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Қызыл жалынды бір сағатқа жуық сөндірген.
Өрт үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан үш бөлмелі пәтерде болған. Жанып жатқан тұрғын үйден төрт адам, оның ішінде үш бала шығарылды.
Түтін жоғарғы қабатта орналасқан пәтерлерге кірген.
Үшінші қабаттағы пәтерлердің бірінен улы газбен улану белгілері бар екі әйел ес-түссіз табылды. Зардап шеккендердің бірі, 1969 жылы туған әйел ауруханада қайтыс болды, 1961 жылы туған екінші әйелдің жағдайы ауыр, – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында Қарағанды облысы ТЖД сынақ зертханасының мамандары жұмыс істеп жатыр.