Жаңа жыл түні елорданың жедел жәрдем қызметі 2300 хабарлама қабылдаған

1 Қаңтар 2022, 19:09
1741
Бөлісу:
Жаңа жыл түні елорданың жедел жәрдем қызметі 2300 хабарлама қабылдаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «103» қызметінің диспетчерлері қала тұрғындарынан 2 300 хабарлама қабылдап, 1 400-ден астам шақыртуға қызмет көрсетті. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Жаңа жыл түні хабарламаларды 13 диспетчер қабылдады және тұрғындарға фельдшерлер мен жүргізушілерден құралған 355 маман көмек көрсету үшін шықты. Барлығы 125 жедел медициналық көмек бригадасы 1 қаңтарға қараған түні азаматтарды шақыруға шықты, оның ішінде МСАК ұйымдарының бригадалары да бар.

Бригада фельдшері Алмат Азатжанов жаңа жыл түнгі ауысымы қалай өткенін айтты.

Бұл жолғы ауысымда бригадамен шақыртуға бес рет шықтық. Оның кез келгенінде қабылдау бөлмелеріне немесе жарақат пунктіне жедел жеткіздік. Онда дәрігерлер ылғи да дайын әрі жылдам көмек көрсетеді. Жалпы, ауысым тез өтеді. Жұмысым өзіме ұнайды, сол себепті отбасыммен бірге болмағаныма өкінбеймін. Алда әлі де уақыт болады, – дейді фельдшер.

Қалалық ауруханалардың бәрі күшейтілген режимде жұмыс істеді. Ол үшін қосымша палаталар мен төсек-орындарын ұйымдастыру қарастырылған. Мәселен, Жаңа жыл қарсаңында елордалық клиникалардың 200-ге жуық медицина қызметкері кезекшілікте болды. Оның құрамында барлық кәсіби мамандар болды: травматологтар, хирургтар, акушер-гинекологтар, реаниматологтар және басқалар.

Өзгелердің жаңалығы