Жаңа Жолдаудың басты бағыты экономика бола ма? – сарапшы болжамы

Былтырғы Жолдау жасанды интеллекттің елдегі барлық салаларға дендеп енуі мен саяси трансформацияға ден қойғаны есімізде. Саяси трансформацияны Қазақстан бір жылдың ішінде 100 пайыз атқарып шықты. Парламенттің орнына Құрылтай жұмысқа кірісті. Вице-президент институты толыққанды енгізілді. Жасанды интеллект бойынша барлық даму картинасы анық сызылды және ол бойынша алғашқы нәтижелер бар.

8 Қыркүйек 2026, 15:12
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 8 Қыркүйек 2026, 15:12
8 Қыркүйек 2026, 15:12
78
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстандағы саяси жаңғырудың үлкен циклі аяқталып, ендігі басымдық экономикалық нәтижеге ауысуы мүмкін. Экономист Айбар Олжай Мемлекет басшысының алдағы Жолдауында қандай мәселелер көтерілуі ықтимал екенін болжап, негізгі бағыттарды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауы дәл 8 қыркүйекте жарияланған. Ал Үкіметтің бір жылдық жұмысының қорытындылана бастауы мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі соңғы өзгерістер жаңа Жолдаудың жақын уақытта жариялануы мүмкін екенін аңғартады.

Айбар Олжай былтырғы Жолдаудың негізгі өзегінің бірі жасанды интеллект пен саяси трансформация болғанын еске салды. Оның пікірінше, осы бағытта бір жыл ішінде елеулі өзгерістер жасалды.

Былтырғы Жолдау жасанды интеллекттің елдегі барлық салаларға дендеп енуі мен саяси трансформацияға ден қойғаны есімізде. Саяси трансформацияны Қазақстан бір жылдың ішінде 100 пайыз атқарып шықты. Парламенттің орнына Құрылтай жұмысқа кірісті. Вице-президент институты толыққанды енгізілді. Жасанды интеллект бойынша барлық даму картинасы анық сызылды және ол бойынша алғашқы нәтижелер бар, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол жасанды интеллект саласындағы келесі маңызды кезең дата-орталықтардың толық іске қосылуымен байланысты екенін атап өтті. Оның пайымынша, бұл отандық жасанды интеллект инфрақұрылымының дербес есептеу қуатын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Саясаттан экономикаға бетбұрыс болуы мүмкін

Экономистің болжамынша, биылғы Жолдаудың негізгі бағыты экономика мен логистикаға ауысуы ықтимал. Мұндай қорытындыны Президенттің соңғы бірнеше айда өткізген кездесулері, экономикалық жиындарда айтқан сөздері және Үкіметке берген тапсырмалары негізінде жасауға болады.

Егер Мемлекет басшысы Жолдауының болашақ қаңқасын оның соңғы бірнеше айдағы сөздерін, Үкіметке берген тапсырмаларын, Құрылтайда, Алатауда, мұғалімдермен кездесуде және экономикалық жиындарда айтқан ойларын жинау арқылы құрсақ, онда биылғы тезис «саяси реформаның үлкен циклі аяқталды, енді мемлекет экономикалық нәтиже көрсетуі керек» дегенге саюы тиіс, - дейді Айбар Олжай.

Сарапшы Президенттің соңғы сөздерінде «нәтиже» ұғымына жиі назар аударылып жүргеніне де мән берді. Оның пікірінше, ендігі жерде мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі бөлінген немесе игерілген қаржы көлемімен емес, азаматтардың әл-ауқатына әсер еткен нақты нәтижемен өлшенуі мүмкін.

Айбар Олжай осы тұрғыда экономикалық өсім көрсеткіштерін халықтың нақты табысымен байланыстыратын жаңа өлшемдер немесе параметрлер ұсынылуы ықтимал деп есептейді.

Жаңа инвестициялық цикл бастала ма?

Алдағы Жолдаудың тағы бір ірі блогы инвестиция мен өндіріс болуы мүмкін. Сарапшы «жаңа инвестициялық цикл» ұғымының күн тәртібіне шығуын жоққа шығармайды.

Оның сөзінше, Үкіметтің қайта өңдеу өнеркәсібіне қатысты ауқымды жоспарлары осы бағытпен сабақтас. Сондықтан Қазақстанда жаңа өндірістік нысандар салуға серпін беретін тапсырмалар жариялануы ықтимал.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда өндірістік нысандар құрылысының үлкен легін бастау бойынша тапсырмалар айтылатыны даусыз. Ұлттық қор қаржысы бойынша тезис осы блокта кеңінен ашылады деп болжаймын, - дейді экономист.

Адам капиталы және Алатау

Айбар Олжай жаңа Жолдауда адам капиталын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмайды деп санайды. Әсіресе болашақ мамандықтарына кадр даярлау, жастарды технологиялық және жаңа экономикалық бағыттарға бейімдеу мәселелері көтерілуі мүмкін.

Бұл ретте сарапшы Алатау қаласына ерекше рөл берілуі ықтимал екенін айтады. Оның болжамынша, қала жаңа технологиялар енгізілетін аумақ қана емес, болашақ мамандар даярлайтын, инновациялық жобалар сыналатын білім беру және тәжірибе алаңына айналуы мүмкін.

Алатау біздің болашақ технократтық элитамыз оқитын, жаңа жобалары мен тәжірибелерін жасайтын оқу мен сынақ алаңы ретінде шегеленетінін ішіміз сезеді, - дейді Айбар Олжай.

Осылайша, сарапшының болжамы бойынша, алдағы Жолдаудың негізгі өзегі саяси реформалардан кейінгі экономикалық нәтижеге, инвестиция мен өндірісті жандандыруға, логистиканы дамытуға және адам капиталын жаңа экономика талаптарына бейімдеуге құрылуы мүмкін.

Наверх