- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жаңа жолдар, вагондар мен порттар: Қазақстанның теміржол саласында не өзгерді?
Жаңа жолдар, вагондар мен порттар: Қазақстанның теміржол саласында не өзгерді?
Жүк тасымалының артуы, жаңа теміржол желілерінің құрылысы, локомотивтер мен вагондардың жаңаруы, Ақтау мен Құрық порттарының дамуы – Қазақстанның теміржол саласындағы негізгі өзгерістерге шолу.
2 Тамыз 2026, 11:06
Қазақстан темір жолы жүк тасымалын арттырып, жаңа бағыттар салып, локомотив пен вагон паркін жаңартып жатыр. Сонымен қатар Ақтау және Құрық порттарының өткізу мүмкіндігі кеңейіп, вокзалдар қайта жөнделуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы – елдегі локомотивтердің, жүк және жолаушылар вагондарының ең ірі иесі әрі Қазақстандағы ірі жұмыс берушілердің бірі. Компания 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың экономикалық байланысын қамтамасыз етеді. Қазақстан Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанмен 16 түйісу бекеті арқылы байланысқан.
Қазақстан 1520 миллиметрлік жолтабаны бар ТМД және Балтық елдері арасында теміржол ұзындығы бойынша үшінші орында. Пайдаланудағы теміржол желісінің ұзындығы 16 мың шақырымды құрайды.
Жарты жылда 157 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
2026 жылдың қаңтар–маусым айларында ҚТЖ желісі арқылы 157,1 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға көп.
Ел ішіндегі тасымал көлемі 82,2 млн тоннаға жетті. Экспорттық тасымал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 2,9 млн тоннаға артып, 45,6 млн тоннаны құрады.
Алты айда 51,3 млн тонна тас көмір тасымалданды. Оның 35,4 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға жеткізіліп, 15,9 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді.
Астық тасымалы 10 пайызға өсіп, 7,3 млн тоннаға жетті. Оның 5,6 млн тоннасы шетелге шығарылды. Ұн тарту өнімдерінің экспорты 20 пайызға артып, 1,1 млн тоннаны құрады. Құрама жем тасымалы 51 пайызға өсіп, 2 млн тоннаға жетті.
Сонымен қатар 13,3 млн тонна мұнай жүгі, 11,6 млн тонна темір кені, 10,4 млн тонна түсті кен, 9,1 млн тонна құрылыс материалы және 8,1 млн тонна қара металл тасымалданды.

Ресей – Қазақстан – Қытай бағытында миллионыншы контейнер жөнелтілді
Омбы қаласында Ресей – Қазақстан – Қытай бағыты бойынша миллионыншы контейнерді салтанатты түрде жөнелту рәсімі өтті. Іс-шара Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары қатысқан XXII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында ұйымдастырылды.
Контейнерді жөнелтуді ҚТЖ мен «Ресей темір жолдары» бірлесіп ұйымдастырды.
Соңғы жеті жылда бұл бағыт Еуразиядағы негізгі контейнерлік дәліздердің біріне айналды. 2019 жылдан бері тасымал көлемі 27 есе өсіп, 11 мыңнан 2025 жылдың қорытындысында 301 мың жиырма футтық контейнер баламасына жетті.
Локомотив паркі жаңартылып жатыр
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС маневрлік және магистральдық локомотивтерді кезең-кезеңімен жаңартып келеді.
Қытайдың CRRC компаниясымен CKD6S сериясындағы 100 тепловоз жеткізу туралы келісім жасалған. Оның 67-сі Қазақстанға әкелініп, Павлодар, Екібастұз, Астана, Қарағанды, Жаңаарқа және Балқаш қалаларында пайдаланылып жатыр.
CKD6S тепловозының ұзындығы бұрынғы модельмен салыстырғанда 22 метрден 18 метрге дейін қысқартылған. Бұл локомотивке радиусы шағын бұрылыстардан өтуге және күрделі кірме жолдарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Алты осьті тепловоздың салмағы 138 тонна, жобалық жылдамдығы сағатына 100 шақырымға жетеді. Ол машинистің қырағылығын бақылайтын қауіпсіздік жүйесімен, кондиционермен, тоңазытқышпен және тамақ жылытуға арналған плитамен жабдықталған.
Астанадағы Alstom зауытынан KZ8A сериясындағы 200-ге жуық жүк электровозы жеткізілді. Олар Астана – Арыс – Алматы бағытында ауыр және ұзын құрамды пойыздарды жүргізеді.
Wabtec зауыты шығарған ТЭ33А сериясындағы 551 магистральдық тепловоз теміржол желісіне берілді. Олар Ақтөбе, Қандыағаш, Алтынкөл, Достық, Семей, Матай және Аягөз бағыттарында жұмыс істеп жатыр.
CRRC компаниясымен жасалған тағы бір келісім бойынша ҚТЖ ТЭ36А сериясындағы 100 магистральдық тепловоз алады. Қазіргі уақытта оның 83-і жеткізілген.
Жаңа локомотивтерге қызмет көрсету үшін Павлодар, Екібастұз, Астана, Қарағанды, Жаңаарқа, Шу, Арыс, Алматы, Аягөз, Мақат және Маңғыстауда сервистік орталықтар жұмыс істейді. Алдағы уақытта Қандыағаш пен Тобылда да орталықтар ашылады.
Үш жаңа теміржол желісі салынып жатыр
ҚТЖ Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысын жалғастырып жатыр.
Мойынты – Қызылжар желісінің ұзындығы 323,3 шақырым. Ол Ұлытау және Қарағанды облыстары арқылы өтіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызды бөлігіне айналады.
Қазіргі уақытта жер жұмыстарының 93 пайызы аяқталып, 202,5 шақырым жол төселді. 96 су өткізу құбыры мен жеті көпір салынды. Құрылысқа 2 мыңға жуық маман мен 700-ге жуық техника жұмылдырылған.
Жаңа желі тасымал қашықтығын 149 шақырымға қысқартып, Мойынты мен Жарық станцияларында локомотив ауыстыру қажеттілігін жояды.
Бақты – Аягөз желісінің ұзындығы 303 шақырым болады. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекаралық өткелін ашуға мүмкіндік береді.
Желі іске қосылғаннан кейін оның өткізу қабілеті жылына 25 млн тоннаға жетеді. Бұл Достық пен Алтынкөл өткелдеріне түсетін жүктемені азайтады.
Құрылыс барысында 20 млн текше метрге жуық жер жұмысы орындалды. 47 көпір, 317 су өткізу құбыры және 18 мал өткелі салынып жатыр. Нысанда 1 356 маман мен 856 техника жұмыс істейді. Құрылыс аяқталғаннан кейін 1 400-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Дарбаза – Мақтаарал желісінде 57 шақырым негізгі және станциялық жол төселді. Құрылысқа 1 200-ден астам маман және 800-ден астам техника тартылған.
Желі Мақтаарал және Жетісай аудандарын ҚТЖ-ның негізгі желісімен тікелей байланыстырады. Соның арқасында Сарыағаш шекаралық станциясына түсетін жүктеме шамамен 40 пайызға азаяды. Жоба іске қосылғаннан кейін 400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ақтау мен Құрық порттарының мүмкіндігі кеңейіп келеді
Ақтау порты Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі нүктелерінің бірі болып саналады.
Портта жылына 140 мың жиырма футтық контейнер баламасын өңдей алатын контейнерлік хабтың құрылысы аяқталды. Кейін оның қуатын 240 мыңға дейін ұлғайту жоспарланған.
Жыл соңына дейін порт акваториясын тереңдетудің бірінші кезеңі аяқталады. 2027 жылдың соңына қарай айлақ инфрақұрылымы кеңейтіледі.
Қазір Ақтау – Баку бағытында жеті кеме қатынайды. 2028 жылға дейін олардың саны 15-ке жетіп, тасымал мүмкіндігі жылына 240 мың контейнер баламасына дейін артады. Осы мақсатта алты әмбебап контейнер тасымалдаушы кеме салынып жатыр.
Құрық портында түбін тереңдету жұмыстары аяқталып, акваторияның тереңдігі 8 метрге жетті. Сонымен қатар жылына 1 млн тоннаға дейін өнім қабылдайтын астық терминалы іске қосылды.
№1 және №2 айлақтардағы көтергіш-көпір өткелдері жаңартылды. Нәтижесінде теміржол паромдарын өңдеу уақыты 18 сағаттан 12 сағатқа, ал автокөлік паромдарын өңдеу мерзімі 10 сағаттан 6 сағатқа дейін қысқарды.
2030 жылға дейін Құрық – Баку бағытындағы паромдар саны 7-ден 17-ге дейін көбейеді.
Жолаушылар вагондары толық жаңартылады
Жолаушылар вагондары паркін жаңарту мемлекеттік қолдаумен жүргізіліп жатыр.
2023 жылы 94, 2024 жылы 118 жаңа вагон сатып алынды. 2025 жылы 170 вагон жеткізілді. Оның ішінде 107 ЗИКСТО вагоны, 12 моторвагонды пойыз және 51 Stadler вагоны бар.
2030 жылға дейін Ұлттық тасымалдаушының вагон паркін толық жаңарту жоспарланған.
Қазір «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркінде 2 225 вагон бар. Соңғы он жылда оның 50 пайызы жаңартылды. Stadler компаниясымен 2030 жылға дейін 557 вагон шығару туралы келісім жасалған.
Олардың арасында купелік, плацкарт, ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға арналған арнайы вагондар және вагон-генераторлар болады.
Сонымен қатар ел ішінде 14 жеке тасымалдаушының вагондары қатынайды. Олардың жылжымалы құрамының жағдайы мен көрсетілетін қызмет сапасын көлік саласындағы уәкілетті орган бақылайды.
Әйелдер вагоны 13 бағытта қатынайды
2026 жылғы 2 қыркүйектен бастап №81/82 «Нұрлы жол – Орал» Talgo пойызының құрамына әйелдер вагоны қосылады.
Бұл бағыттағы пойыз күнара қатынайды және жол бойында тоғыз аялдамаға тоқтайды.
Жаңа қызмет іске қосылғаннан кейін әйелдер вагоны бар бағыттардың саны 13-ке жетеді.
Әйелдер вагонында жеті жасқа дейінгі ер балаларға ересектермен бірге жүруге рұқсат етіледі. Билет сатып алу кезінде «ЖН» белгісіне назар аудару қажет. Билеттер пойыз жөнелтілгенге дейін 45 тәулік бұрын сатылымға шығады.

121 вокзал мен платформа жаңғыртылуда
Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында 121 нысан жаңартылып жатыр. Оның ішінде 113 вокзал ғимараты мен жолаушылар платформасы, сегіз жеке платформа және бес конкорстық өткел бар.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 70 нысанда аяқталған.
Вокзалдарда шатырлар, қасбеттер, ішкі бөлмелер, су, кәріз, жылу және электр желілері жаңартылды. Жолаушылар перрондары қайта жөнделіп, іргелес аумақтар абаттандырылды.
Бағдарламаға қарыз қаражаты есебінен шамамен 100 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Қаржыны өтеу транзиттік тасымалдан түсетін табыс есебінен жүргізіледі.
Теміржолдағы қауіпсіздік күшейтілді
Жаздың басынан бері ҚТЖ «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Қауіпсіз өткел» және «Қауіпсіз теміржол» республикалық акцияларын өткізіп келеді.
Іс-шаралар Көліктегі полиция департаменті, аумақтық полиция бөлімшелері, көлік прокуратурасы және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырылады.
Теміржолшылар жүргізушілерге өткелден өту тәртібін, жаяу жүргіншілерге жолды тек белгіленген жерден кесіп өту қажеттігін түсіндіреді. Ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне жауапты екені ескертіледі.
Сондай-ақ рельс үстінде ойнаудың, вагондар мен байланыс желілерінде селфи жасаудың қауіптілігі түсіндіріледі.
Акциялар аясында теміржол өткелдерінде рейдтер, автомектептерде дәрістер, жүргізушілермен, жолаушылармен және теміржол маңындағы елді мекен тұрғындарымен кездесулер өткізіледі.
Профилактикалық шаралар Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Абай облыстарында, Шымкентте және басқа өңірлерде ұйымдастырылды. Жолаушылар пойыздарында да көлік полициясымен бірлескен рейдтер өтіп жатыр.
Ең оқылған:
- АҚШ-пен шиеленіс күшейді: Иран қарымта жауапқа әзірленіп жатыр
- Италия мигранттарға байланысты Испаниямен шекарада Шенген ережесін уақытша тоқтатты
- ФИФА әлем чемпионаттарының коммерциялық құқықтарын жеке инвесторларға сатудан бас тартты
- Италияның оңтүстігінде жер сілкінді: зардап шеккендер бар
- Мұнай бағасы шілде айын өсіммен аяқтады: 1 тамыздағы Brent пен WTI құны қанша?