Жаңа жолдар мен энергия көздері: Ұлттық құрылтайдан кейін елімізде қандай жобалар іске қосылады

Бөлісу:
Жаңа жолдар мен энергия көздері: Ұлттық құрылтайдан кейін елімізде қандай жобалар іске қосылады
PHOTO
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында елдегі инфрақұрылымдық жобалар туралы маңызды мәлімдемелер жасады. Президенттің айтуынша, Қазақстанда өңірлер арасындағы теңсіздікті жою және аймақтардың экономикалық дамуын жеделдету үшін ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынады.

BAQ.KZ тілшісі Ұлттық құрылтайда Президент атаған инфрақұрылымдық жобаларға шолу жасады.

Жаңа жолдар мен энергия көздері: Ұлттық құрылтайдан кейін елімізде қандай жобалар іске қосылады
Ақорда

Газ және энергетикалық жобалар

Алдағы жылдары Қазақстанда бірнеше маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. 2025-2026 жылдары Қашаған кенішінде газ өңдеу зауыты іске қосылады. Сонымен қатар, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынбақ.

Энергетика саласында да маңызды өзгерістер орын алуда. Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғыларына негізделген жаңа электр стансалары бой көтереді. Сондай-ақ Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылады. Бұл жобалар елдегі энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС-ке қатысты ойын айтты.

Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін, - деген еді Президент Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда.

Сумен қамту және өнеркәсіптік жобалар

Маңғыстау облысындағы "Кендірлі" демалыс аймағында су тұщытатын зауыт салынып, Жаңаөзен тұрғындары үшін тұрақты ауыз су көзі қамтамасыз етіледі. Қарағанды және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені іске қосылады. Алматы мен Қостанайда автокөлік зауыттары ашылады.

Көлік және логистика

Президент жаңа темір жол және автокөлік бағыттарын дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. “Достық-Мойынты” темір жол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады. “Қызылжар – Мойынты” бағытында жаңа темір жол жобасы басталады. Ақтауда Каспий теңізінің жағалауында контейнерлік хаб салынып, “Қорғас – Шығыс қақпа” ЕЭА аумағында халықаралық әуежай іске қосылады. Сонымен қатар, Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежайлар салынады.

Жаңа автожол жобалары

Елдің автокөлік инфрақұрылымын дамыту үшін Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын жаңа автожол салынады. Бұл күре жол орталық және батыс өңірлер арасындағы қашықтықты 560 шақырымға қысқартады. Сонымен қатар Арқалықтағы әуежай қалпына келтіріліп, жаңа аэровокзал салынбақ.

Жаңа жолдар мен энергия көздері: Ұлттық құрылтайдан кейін елімізде қандай жобалар іске қосылады
Ақорда

Шекара маңындағы және аймақтық даму

Мемлекет басшысы шекара маңындағы аудандарды дамытуға ерекше мән берді. 2022 жылы жаңа үш облыстың құрылуы осы өңірлердің экономикалық дамуын жеделдетуге серпін берді. Үкімет бұл өңірлерді бақылауда ұстап, қосымша қолдау көрсетуі қажет. Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жұмыстары аяқталмақ, бұл өткізу мүмкіндігін 6 есе арттырады. Осы арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуеті күшейеді.

Цифрлық инфрақұрылым және жасанды интеллект

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселесін де көтерді. Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, Еуропа мен Азия арасында жаңа цифрлық дәліз құрылады. Сонымен қатар, елдегі жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту мақсатында Smart city жобалары іске асырылады. Бұл жоба АҚШ, БАӘ және Қытай компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылады.

Жаңа жолдар мен энергия көздері: Ұлттық құрылтайдан кейін елімізде қандай жобалар іске қосылады
Ақорда

Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда атап өткендей, елімізде білім беру саласын дамыту мақсатында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – мектептердегі орын тапшылығын жою және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу.

Ақмола облысы бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып жүзеге асырып, 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтарын салды. Алдағы уақытта 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қарапайым мектептерді салу мен жаңғырту жұмыстары да жалғасады, - деді Президент.

Оқу орындарының материалдық базасын нығайту да күн тәртібінде. Әсіресе, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне баса назар аударылып отыр. Осы орайда Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашу жоспары қолға алынды.

Медицина инфрақұрылымын жетілдіру

Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. 2024 жылдың соңына дейін "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 188 жаңа медицина нысаны салынады. Сонымен қатар Өскеменде гематология орталығы, Ақтауда жедел жәрдем стансасы, Алматыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимараты іске қосылады.

2026 жылға дейін 32 аудандық орталық аурухана жаңғыртылады, сондай-ақ Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жаңа ауруханалар салынады. Бұл шаралар медициналық қызметтің сапасын арттырып, халыққа қолжетімділігін кеңейтеді.

Туризм және аймақтық даму

Туризмді дамыту – ел экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыты. Жергілікті жерлерде ұйымдастырылатын халықаралық іс-шаралар аймақтардың туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Тараз қаласында өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай маңызды жобалардың бірі болмақ. Бұл жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары қатысады.

Сонымен қатар, Қазақстанның табиғи байлығын сақтау мақсатында экотуризмді дамыту шаралары қолға алынуда. Бурабай курорттық аймағын дамыту үшін 2029 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылданып, оған 140 миллиард теңге бөлінді. Бұл шаралар өңірлерге жаңа инвестиция тартып, ішкі туризмді дамытуға серпін береді.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағы - Қазақстандағы ең танымал туристік бағыттардың бірі. Осы аймақтың инфрақұрылымын жақсарту арқылы туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсету көзделген. Бұл мақсатта экологиялық талаптарды қатаң сақтау маңызды. Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың негізгі нысандарының бірі болып, демалыс аймағына деген қызығушылықты арттырады. Сонымен қатар, туристік маусымнан тыс уақытта да аймаққа келетін қонақтар санын көбейту жоспарланып отыр.

Экологиялық инфрақұрылым және табиғатты қорғау

Экологияны қорғау – инфрақұрылымды дамытудың маңызды бөлігі. Қазақстанда жануарлар әлемін сақтау мақсатында бірнеше ауқымды бастама жүзеге асырылып жатыр. Балқаш көлінің маңында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сондай-ақ ілбістерді қорғау, Каспий итбалығын және басқа да сирек жануарларды сақтау бойынша шаралар қолға алынуда.

“Таза Қазақстан” экологиялық акциясы жалпыұлттық қозғалысқа айналып, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етуде. Бұл бастаманы тұрақты түрде жүргізу арқылы еліміздегі табиғи байлықтарды сақтау көзделген.

Жаңа жолдар мен энергия көздері: Ұлттық құрылтайдан кейін елімізде қандай жобалар іске қосылады
Ақорда

Спорт инфрақұрылымын жетілдіру

Ақмола облысы қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы өңірлердің бірі. Осы себепті, өңірдегі спорт базаларын жетілдіру және ұлттық құрамаларды даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қысқы спорт түрлерінен Қазақстан құрамасының халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне айтарлықтай үлес қосып жүргенін ескерсек, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аса маңызды.

Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының, Жетісу облысында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Оралда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады. – деді Президент.

Биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын.

Сарапшылар не дейді?

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтқандай, Президентіміз елімізде іске асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға жеке тоқталып, мұның бәрі еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыра түсетін маңызды қадамдар екенін айтты.

Сондай-ақ бүгін шекара маңындағы аудандарды дамыту туралы заң қабылдау, аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін әзірленіп жатқан Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын жан-жақты пысықтау, ғылым қалашығын құру жөнінде заң жобасын әзірлеу және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған арнайы заң даярлау мәселелері қозғалды, - деді спикер.

Экологияны қорғау және жан-жануарлар дүниесін сақтау туралы да нақты ұсыныстар айтылды. Соның ішінде Биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру бастамасы іргелі жоба екені анық. Шын мәнінде, оған Президентіміздің басшылық жасауы аталған ауқымды жұмыстың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай отырысында Қазақстанның төрт саладағы орасан зор мүмкіндігі туралы да айтты. Олар: цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы. Мұның бәрі – еліміздің жаңа әлемдегі орнықты дамуына ықпал ететін негізгі факторлар. Осы ретте Мемлекет басшысының Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешімі еліміздің ядролық кластер ретінде қалыптасуына жол ашатынын атап өткен жөн. Жалпы, жыл сайын Құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейіп келеді. Биыл көтерілген ауқымды мәселелер мен белгіленген маңызды міндеттер соған дәлел. Бұл басым бағыттар Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыру үшін қолға алынған кешенді бастамалар екені анық. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – осы іргелі істерді жүйелі түрде жүзеге асырып, Отанымызды одан әрі өркендету. Барлық қазақстандық аталған маңызды міндеттерді орындау жолында белсенділік танытып, ел дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін, - деп ойын айтты Мәулен Әшімбаев.

Тележүргізуші Ерқанат Көпжасарұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдан кейін Қостанай жұртына сүйінші жаңалық жеткізді.

Сүйінші Торғай жұрты, Қостанай облысының азаматтары! Сіздің өңірде халықтың өмір сүруіне қолайлы үлкен өзгерістер болмақ. Астана мен Арқалықтың, Торғай мен Ырғыздың арасында су жаңа тасжол салынбақ. Яғни ескі жолдың үсітне емес, жаңадан тасжол төселмек. Бұл екі қаланың арасын жақындастыруға үлкен септігін тигізбек. Сонымен қатар Арқалықтан су үлкен, су жаңа әуежай салынбақ. Бір сөзбен Торғай өңірінде елеулі өзгерістер болғалы тұр, - деді ол.

Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген Мемлекет басшысының сөзі жан-жақты мәселелерді тұтас қамтыған және өте ауқымды болғанын жеткізді.

Соңғы 6 жылда атқарылған жұмыстың қорытындыларын да, сонымен қатар еліміздің болашақтағы даму перспективаларын да атап өтті. Ілгері дамуды қамтамасыз ететін төрт стратегиялық бағытқа ерекше назар аударылады. Президент цифрландыру және жасанды интеллект, энергетика, агроөнеркәсіптік сектор және адами капитал салаларын дамытудағы басымдықтарды атай отырып, болашақтың бағдарын нақты анықтап берді, - деді депутат.

Өңірлерде бірқатар инфрақұрылымдық объектілерді іске қосу жоспарланған: Қашағанда газ өңдеу зауыты, "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбыры, "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбырының екінші тізбегі, Қызылорда мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғылары базасындағы электр станциялары, “Кендірлі” курорттық аймағындағы тұщыландыру зауыты, Қарағанды мен Екібастұздағы ферроқорытпа зауыттары, Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі химиялық кешен, Алматы және Қостанай облысындағы автомобиль зауыттары, Ақтаудағы контейнерлік хаб, “Қорғас – Шығыс қақпасы” арнайы экономикалық аумағында халықаралық әуежай, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар.

Алдағы төрт жыл ішінде елде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылады. Оларды іске асырудың арқасында жаңа индустриялық негіз қалыптастырамыз, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуеті нығаяды. Өңірлерді дамытудың маңызды бағыты ретінде Мемлекет басшысы экологиялық көрсеткіштер, инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да түйінді параметрлер бойынша тепе-теңсіздіктерді жоюды атап өтті, - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Өзгелердің жаңалығы