Жаңа зауыттар, жүздеген жұмыс орны: Бектенов Абай облысына тапсырма жүктеді

Олжас Бектенов Абай облысында индустриялық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асуын тексерді.

 Үкіметтің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 18:13
Бүгiн 2026, 18:13
119
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-министр Семей қаласындағы бірқатар өндіріс орындарын аралады. Атап айтқанда, «Агролидер KAZ» ЖШС-дағы бұршақ және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытының жұмысын көрді. Кәсіпорын жылына 72 мың тонна шикізат өңдеп, тәулігіне 160 тонна дайын өнім шығарады. Мұнда 10-нан астам өнім түрі өндіріліп, ішкі нарықпен қатар шетелге экспортталады. Жобаға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны ашылған.

Сондай-ақ Премьер-министр «Qazaq-Astyq Group» ЖШС-ның май экстракциялау зауытында болды. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна шикізат өңдейді. 2025 жылы мұнда 112 мың тонна май және басқа да өнімдер өндірілген. Қазіргі уақытта зауытты кеңейту жұмыстары жүргізіліп, қосымша 111 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

«Техноавиа-Қазақстан» ЖШС-ның тігін фабрикасында жылына 170 мың өнім шығарылады. Бұрын тек экспортқа бағытталған кәсіпорын енді ішкі нарыққа да өнім жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар аяқ киім фабрикасын іске қосу жобасы жүзеге асырылып, тағы 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалмады. Премьер-министр Семейдегі жаңа Оқушылар сарайын аралап көрді. Заманауи орталықта балаларға ғылыми-техникалық, шығармашылық және спорттық бағыттар бойынша қосымша білім алуға жағдай жасалған. Нысан күніне 2 мыңға жуық баланы қабылдай алады.

Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов жобаларды уақытылы іске асыруды, жоғары қосылған құны бар өнім көлемін арттыруды, жаңа жұмыс орындарын құруды және экспорттық нарықты кеңейтуді тапсырды.

Бұған дейін Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары аясында "Семей орманында"  ЖИ арқылы өртті ерте анықтау жүйесін тексергенін хабарлаған едік. 

Тағы оқи отырыңыздар:

Алакөлге 10 млрд теңге: Бектенов Абай облысындағы туризм жобаларын көрді 

Өрт қаупі күшейді: Бектенов әкімдерге қатаң талап қойды 

Наверх