Жаңа заңдар әзірленеді: Конституцияны іске асыру басталды

Жаңа Конституцияны іске асыру жөніндегі Жарлық жарияланды.

 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 14:18
Бүгiн 2026, 14:18
164
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған Жарлыққа қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжатқа сәйкес, жаңа Конституцияның мәтіні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде ресми түрде жарияланады. Ал 1995 жылғы Конституцияның түпнұсқасы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне сақтауға тапсырылмақ.

Жарлықта жаңа Конституцияның түпнұсқасы Қазақстан Президентінде сақталатыны да айқындалған.

Сонымен қатар Орталық референдум комиссиясы Конституция мәтінін нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін тиісті ұйымдарға жолдайды.

Құжатта заңнамалық өзгерістер де қарастырылған. Атап айтқанда, Президент бастамасымен Парламент Мәжілісіне «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» және «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жобалары енгізіледі. Ал Үкімет бастамасымен «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заң жобаларын қарау ұсынылады.

Сонымен бірге Үкіметке және мемлекеттік органдарға қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру міндеті жүктелді. Бұдан бөлек, Үкімет 2026 жылғы 7 сәуірге дейін Конституцияны ілгерілету жөніндегі арнайы жоспарды бекітуі тиіс.

Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелген. Құжат қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Наверх