- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жаңа утильалым: Автонарық қалай өзгереді?
Жаңа утильалым: Автонарық қалай өзгереді?
Автокөлік нарығы өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Бүгiн 2026, 07:30
Қазақстанда Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан әкелінетін автокөліктер мен техникаға салынатын утилизациялық алымды бірнеше есе арттыру ұсынылды. Мөлшерлемені 14,6 еседен 38,8 есеге дейін өсіру көзделіп отыр. Бұл өзгерістер утилизациялық төлемді есептеу әдістемесіне түзетулер енгізу туралы бұйрық жобасында қарастырылған. Ұсыныс қоғамда бірден басты сұрақты туғызды: утильалым өссе, автонарықтағы баға қалай өзгереді? BAQ.KZ тілшісі мәселені министрлік пен сарапшылар пікірі негізінде саралап көрді.
Негізгі мақсат – саудадағы теңгерімді қалпына келтіру
Өнеркәсіп министрлігінің ресми жауабына сәйкес, Ресейде утилизациялық алым мөлшерлемелері 2013 жылғы №1291 қаулымен, ал Беларусьте 2021 жылғы №647 қаулымен реттеледі.
Ведомствоның түсіндіруінше, ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты – Қазақстандағы утильалым мөлшерлемелерін осы елдердегі деңгейге жақындату арқылы саудадағы теңсіздікті жою. Бұл қадам үш ел арасындағы нарықтарға қолжетімділікті тең бәсекелестік шарттарына келтіруге бағытталған.
Министрлік деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары Ресей мен Беларусь Қазақстаннан жеткізілетін көліктерге үшінші елдермен салыстырғанда жоғары алым қолдана бастаған. Соның салдарынан қазақстандық автокөліктердің бұл нарықтарға шығуы шектеліп, экспорт көлемі азайған.
Утильалым қалай есептеледі?
Ведомство есептеу формуласы өзгермейтінін нақтылады.
Утильалым = базалық мөлшерлеме × коэффициент.
2026 жылы базалық мөлшерлеме 50 АЕК немесе 216 250 теңге болады.
Мысалы, қозғалтқыш көлемі 1000 см³ дейінгі М1 санатындағы көлік Армениядан немесе Қырғызстаннан әкелінсе, утильалым 324 375 теңгені құрайды. Ал дәл осындай көлік Ресей немесе Беларусьтен жеткізілсе, төлем көлемі 4 757 500 теңгеге дейін өседі.
Бұған дейін бұл елдерден келетін көліктерге елге байланысты саралау қолданылмаған
Министр: Нарықта балама жеткілікті
Утильалым өсімі ресейлік автокөліктер бағасына қалай әсер етуі мүмкін? Бұл сұраққа жауап берген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ресейлік көліктердің нарықтағы үлесі шамамен 3,7% ғана екенін атап өтті.
Қазақстанда көлік таңдауы жеткілікті. Ресейлік автопромды алсақ: "Нива", "Лада". Бірақ тұрғындар қазір қазақстандық құрастырылған көліктерге де, қытайлық брендтерге де көбірек назар аудара бастады. Баға мен функционал тұрғысынан олар көбіне тиімді, – деді министр.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған шаралар импортты реттеуге бағытталған айна-қатесіз жауап болып саналады.
Бұл қандай да бір күрт қадам емес. Бұл – жай ғана айна-қатесіз шешім. Нарықтарға қолжетімділік қамтамасыз етілген, – деді ведомство басшысы.
Сарапшы: Ресейлік техника импорты тиімсіз болуы мүмкін
Авто сарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, Ресейдің утильалымды бірнеше есе көтеруі Қазақстанның да осындай қадамға баруына әсер еткен.
Ресей утилизациялық алымды күрт өсірді. Олар өз нарығын сырттан келетін көліктерден қорғауға тырысып отыр, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Ресей Қазақстанда құрастырылатын көліктерді толыққанды өндіріс ретінде қабылдамайды.
Олар өз автосаласын дамытуға күш салып отыр. Бірақ санкциялардан қауіптенген инвесторлар жаңа зауыт салуға асықпайды, – деді Алексеев.
Сарапшы ресейлік жеңіл көліктердің Қазақстан нарығындағы үлесі онсыз да төмен екенін атап өтті.
Бұрын "Лада" сатылымда көшбасшы еді. Қазір бағасы қымбаттап, позициясын жоғалтты. Өткен жылы шамамен 2,5 мың ғана сатылды. Бұл – 237,5 мың жаңа көліктің ішінде өте аз көрсеткіш, – дейді спикер.
Ал коммерциялық сегментте өзгеріс айқынырақ болуы мүмкін.
"Газель" бұрын ең қолжетімді коммерциялық көлік саналатын. Енді кәсіпкерлер оны қытайлық баламамен алмастыруы мүмкін, – деді сарапшы.
Оның пікірінше, утильалымның жоғары болуы Ресейден техника әкелуді іс жүзінде тиімсіз етуі ықтимал.
Бұл алым тосқауылдық сипатта. Төлем тым жоғары болса, ешкім техника әкелмейді, – деді Алексеев.
Экономист: Баға өссе, сұраныс бағыты өзгереді
Экономист Бауыржан Ысқақов утильалым импорттық көліктің өзіндік құнына тікелей әсер ететінін айтты.
Бұл – көлікті елге әкелген кезде төленетін міндетті төлем. Егер ол жоғары болса, импорттаушылар шығынды соңғы бағаға қосады, – деді экономист.
Оның айтуынша, ресейлік және беларусьтік көліктер қымбаттаса, сатып алушылар басқа нарықтарға бет бұруы мүмкін.
Қытай және басқа елдерден келетін көліктерге сұраныс артуы ықтимал. Баға өссе, адамдар тиімді модельдерді таңдай бастайды, – деді Ысқақов.
Сонымен қатар ол отандық құрастыруға да қызығушылық күшеюі мүмкін екенін айтты.
Егер жергілікті өндіріс бәсекеге қабілетті өнім ұсынса, сатып алушылар соған көбірек көңіл бөледі, – деді экономист.
Баға өсімі екінші нарыққа да әсер етуі мүмкін.
Жаңа көлік қымбаттағанда қолданылған көліктерге сұраныс артады, – деді ол.
Инфляция мен қызмет бағасына ықпал
Экономист көлік бағасының өсуі тасымал шығындары арқылы жалпы тұтыну бағаларына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Көлік қымбаттаса, логистика шығындары өседі. Бұл инфляцияға да ықпал етуі ықтимал, – деді Ысқақов.
Оның айтуынша, мұндай өзгерістер такси, жеткізу және логистика қызметтерінің құнына жанама түрде әсер етуі мүмкін.
Нарық жаңа бағыт іздеуі мүмкін
Осылайша, утильалым мөлшерлемелерін арттыру бастамасы автонарықтағы бәсекелестікке, импорт құрылымына және тұтынушылар таңдауының өзгеруіне ықпал етеді деп күтілуде. Алдағы кезеңде нарықта жаңа жеткізушілер мен балама бағыттардың белсенділігі артуы мүмкін.
Утильалым мөлшерлемелерін арттыру автонарықтағы импорт құрылымын өзгертіп, ресейлік және беларусьтік техникаға сұранысты төмендетуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда сатып алушылар мен кәсіпкерлер балама бағыттарға, әсіресе қытайлық және отандық құрастырылған көліктерге көбірек бет бұруы ықтимал.
Ең оқылған:
- Рамазанның соңғы үш күні: Қадір түнін қалай өткізу керек?
- Қылқындырып тастаған: Астанада полицей бастығына шабуыл жасаған
- Әнші Рахат Тұрлыханов әйелін ұрды деген күдікпен полицияға жеткізілді
- "Көмектеспесе, есімде болады": Трамп Ормуз бұғазы үшін коалиция жинап жатыр
- ЖИ қателігі: Әйел жазықсыз 4 ай түрмеде отырып, үйі мен көлігінен айырылды