Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

Бөлісу:
 tergov.uz
Фото: tergov.uz

Ішкі істер министрлігі адам саудасына қатысты қылмыстарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған “STOP-трафик” жедел-профилактикалық іс-шараның қорытындысын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шара барысында құқық қорғау органдары әлеуметтік осал топтарды және кәмелетке толмағандарды да қамтитын қылмыстық схемаларды әшкереледі.

Адам саудасына қатысты барлығы 39 факті тіркелді. Оның алтауы – балаларға қатысты қылмыстар. Ең резонансты оқиғалардың бірі – Алматыда жаңа туған нәрестелерді сатуды ұйымдастырған қылмыстық топтың ұсталуымен байланысты. Қаскөйлер қиын жағдайға тап болған жас қыздарды материалдық сыйақы беру арқылы нәрестелерін бөгде адамдарға беруге көндірген. Қазір 20-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатыр, күдіктілерге мүлкін тәркілей отырып, 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Абай облысында полицейлер азаматтарды мәжбүрлі жұмысқа жегумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты. Бұл бағытта 11 қылмыстық іс қозғалды, материалдар сотқа жолдауға әзірленіп жатыр.

Түнгі ойын-сауық орындарын тексеруге де назар аударылды. Шымкентте, сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында кәмелетке толмағандарды қоса алғанда, азаматтарды еңбек және жыныстық қанауға қатысты фактілер анықталды.

Астанада полиция мен прокуратура бірлесіп, теміржол вокзалы маңында рейдтер жүргізді. Азаматтарды сексуалдық мақсатта пайдалануға арналған притондарды ұйымдастыру және ұстау бойынша сегіз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. 

Ақмола облысында діни топтың әрекеті тоқтатылды. Аталмыш топ еркін жыныстық қатынастарды және отбасылық құндылықтардан бас тартуды насихаттайтын "рухани орталық" ұйымдастырған. Тінту барысында діни әдебиеттер, атрибуттар мен ритуалдық заттар табылды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізілуде.

Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында түнгі клубтар мен барларда жас қыздарды “элиталық эскортқа” тартумен айналысқан ұйымдастырушылардың әрекеті құжатталған болатын. Олардың жеңгетайлықты ұйымдастыруға қатысы бар екені дәлелденді, қылмыстық істер сотқа жіберілді.

Сонымен қатар, Алматы мен Астанада жастарды қылмыстық қанаудан қорғау, оларды асоциалды ортаға тартудың алдын алу және қоғамдағы моральдық құндылықтарды күшейту мақсатында арнайы түнгі мекемелерде профилактикалық рейдтер жүргізілді.

Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы кешенді профилактикалық жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы