Жаңа социализм. Қазақстан бюджеті әлеуметтік шығынның астында қалды

6 Ақпан 2023, 17:47
2461
Бөлісу:
Жаңа социализм. Қазақстан бюджеті әлеуметтік шығынның астында қалды
Фото: www.cer.uz

Қазақстандағы бюджет жыл сайын дефицитті болып келеді. Ал оның әлеуметтік салаға арналған шығындары сол бюджеттің тең жартысына тең, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Бұл бір жағынан біздің мемлекеттің әлеуметтік бағытты ұстанып келе жатқанын аңғартады. Бірақ екінші жағынан – салық жүктемесі төмен болғандықтан, ауыр жүктің барлығы мұнай рентасына артылып отыр.

Қазақстан бюджетіне қарап, оның «міндеттемелер қақпанына» түсіп қалғанын байқау қиын емес. Яғни, біз бар тапқанымызды «керек шығынға» жұмсаймыз. Ал болашақ дамуға қажет инфрақұрылымдық жобаларға, инвестицияларға, ұзақмерзімді ауқымды жұмыстарға қаржы бөлуге мүмкіндік жете бермейді. Бұл жағынан алғанда еліміз кеше алған жалақысын бүгін жұмсап қоятын отбасыға көбірек ұқсайды. Алайда, мұнай бағасы барреліне 70 доллардан асатын уақытта былай өмір сүре беруге болатыны түсінікті. Бірақ, мұнай мәңгі-бақи құнды болып тұрады дегенге кім кепілдік береді?

Соңғы 5 жыл мерзімді сараласақ, бюджет үлесіндегі әлеуметтік сала шығындарының тек өскенін көре аламыз. 2019 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік бағытқа 4,8 триллион теңге бағытталды. Сол кезде ол шығынның 45 пайызына тең еді. 

Әлеуметтік шығын деген не? Оған мемлекеттің төлемдері: зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы, жөргекақы, бюджет қызметкерлерінің жалақысы, жетімдер, мүгедек жандар, ардагерлер, зейнеткерлерге әлеуметтік көмек, түрлі жеңілдіктер, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтау саласы, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы, басқа да шығын кіреді. Ал 2021 жылы бюджеттің әлеуметтік шығыны 49,1 пайызға, 2022 жылы осы көрсеткіш 50 пайызға жетті.

Биыл бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 8 триллион теңге көлемінде қаражат жоспарланған. Ол – зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, білім беру, денсаулық сақтау салаларын, мәдениет және спортты дамытуға, жастарды ынталандыруға бағытталмақ. Қосымша әлеуметтік бағытта тағы 2-3 триллион теңге жаратылатын болады. Ал ортақ есептесек, осы жылы біздің бюджет 21 триллион теңге жұмсамақ. Біз негізі биыл ондай табыс таппаймыз. Жоспар бойынша түсімдер 17,8 триллион теңге болуы мүмкін. Сонда 3,2 триллион теңге қаржы тапшылығын аламыз.

Зейнетақы мен стипендия Ұлттық қорды тауыса ма?

Жаңа социализм. Қазақстан бюджеті әлеуметтік шығынның астында қалды
egemen.kz

Әлбетте жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің жоспарларына қарап отырып, біздегі бюджет шығыны мен ішкі жалпы өнім көлемі арасында белгілі бір пропорция бар екенін анықтауға болады. Жалпы, біздегі фискалды билік бюджет шығынын ішкі жалпы өнімнің 16,4 пайызына теңестіргісі келеді. Мысалы, 2023 жылғы шығын 21 триллион теңге – ол өз кезегінде ішкі жалпы өнімнің 17,4 пайызы болып тұр. Осы шығын 2025 жылы 22,7 триллион теңгеге дейін өседі. Бірақ осы 22,7 триллон ІЖӨ-нің 16,2 пайызына тең болуы тиіс. Яғни, негізгі үміт – экономикамыз бюджет шығынынан тезірек өседі деген ойда жатыр. Шын мәнінде – 16,2% біз үшін бюджет шығынының таргеттелетін көрсеткіші болса, онда біз ІЖӨ-ға қарап бюджет көлемін шамалай беруге мүмкіндік аламыз.

Макроэкономистер мұны контрциклдық бюджет қағидасы дейді. Оған сай, Қазақстан өзінің Бюджеттік кодексіне өзгерістер енгізген. Оның басты мақсаты – Ұлттық қорды сақтап қалу мен оны барынша көбейту. Мысалы, биылдан бастап жұмыс істейтін «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңы осы талаптарды сақтайтын болады. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджет қағидаларына сәйкес мұнайдың болжамды бағасын ескере отырып тағайындалмақ. Биыл Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт 2,2 триллион теңге болып отыр. Сондай-ақ ол жыл сайын 200-100 миллиард теңгеге азая беруі тиіс.

Қазақстан дәл осы бюджет қағидасын ұстанса, 2023 жылы Ұлттық қорда 66,7 миллиард доллар, ал 2025 жылы 93,2 миллиард доллар жатуы тиіс. Бұл ретте, әрине, біз үшін мұнай бағасының жоғары болғаны ауадай қажет.

Өгіз де өлген жоқ, арба да сынбады. Бірақ бидай қайда?

Жаңа социализм. Қазақстан бюджеті әлеуметтік шығынның астында қалды
dknews.kz

Қазақстан экономикасы – қаржылық есеп пен саяси шешімдердің күрделі синтезінен тұрады. Бюджеттің әлеуметтік жүктемесінің үлкен болуы – таза саяси шешім. Себебі, мемлекет халық наразылығынан аяқ тартады және оның жолында болашақ ішкі инвестицияларды құрбан еткені көрініп тұр. Дамыған елдерде де, әсіресе бізге құрылымы ұқсас болуы тиіс Норвегияда да бюджет аса әлеуметтік бағытта құрылған. Бірақ, тиісінше олардың бизнес және азаматтар табысына салынатын салық жүктемесі тіпті 55 пайызға дейін жетеді. Қосымша құн салығының 25 пайыз болуы – салықтың көп мөлшерде жиналуын қамтамасыз етпек. Егер олар салықты молынан өндіріп алатын болса, ол қаржыны өз халқына неге жұмсамасқа? Ал мұнайдан түскен қаржыға кез-келген инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыра алады.

Қазақстан өгізді өлтірмеді – ол әлеуметтік шығындар арқылы халықтың аузына су тамызу, арбаны сындырмады – ол әупірімдеп Ұлттық қорды өсіре беру. Демек, осындай «міндеттемелер қақпанында» біз әлі біраз уақыт боламыз. Ұлттық қор 100 миллиард доллардан асқаннан кейін, ірі жобаларды өзіміз қаржыландыруға баруымыз мүмкін. Оған дейін сырттан келетін инвестицияларға тәуелді болмақпыз.

Қазақтың жаңа Түріксібі

Жаңа социализм. Қазақстан бюджеті әлеуметтік шығынның астында қалды
primeminister.kz

Біз үшін жаңа мұнай – Қытайдың тауарларын Еуропаға кең көлемде және тез жеткізіп отыру. Бірақ бұл жолда Ресей мен Иранға тәуелді болмау үшін Үрімжіден Қытайдың ені жіңішке темір жолын Ақтау порттарына дейін тартып, одан әрі Әзірбайжанға танкерлермен жеткізу қажет. Демек, кем дегенде үш шаруа: қазіргі бар теміржолдың бойына қытай стандарттарымен жаңа теміржол салу, танкерлер флотын көбейту және порттың теміржолдан танкерге тиеу қуатын бірнеше есеге артыруды жасауымыз керек. Оның барлығы 15 миллиард долллардан кем тұрмайды. Ал мұндай ақшаны Ұлттық қордан қазір ала қоятын бізде еш мүмкіндік жоқ. 

Егер біз қосымша құн салығын өсірсек, отандық бизнес бірден жылай бастайды. Сондықтан прогрессивті қосымша құн салығын қарастыратын уақыт келген сияқты. Пайдалы қазба байлықтарын экспортқа шығарып, одан үлкен кіріс алып отырған 20 шақты компанияның салықтық жүктемесін арттыруға мүмкіндік бар. Ол қаржыға теміржол сала бастауға болады.

2025 жылы «міндеттемелер қақпанынан» құтылсақ, азаматтардың жағдайы жақсарғанын көруіміз мүмкін. «Балық бергенше, сол балықты аулайтын қармақ бер» қағидасы жүзеге асуы тиіс. Азаматтарды мардымсыз әлеуметтік төлемдермен емес, жоғары еңбекақымен және еңбек өнімділігімен аяққа тік тұрғызатын күн туса – елімізге ештеңеден қорықпауға болады.

Өзгелердің жаңалығы