Жаңа салық реформасы: сарапшылар не дейді

28 Қаңтар 2025, 19:06
439
Бөлісу:
Жаңа салық реформасы: сарапшылар не дейді
Фото: ЖИ/Midjourney

Бүгін Президенттің қатысуымен өткен кеңейтілген Үкімет отырысында экономикалық мәселеге баса назар аударылды. Осыған орай BAQ.KZ тілшісі сарапшылар мен экономистердің әлеуметтік желідегі пікірін шолып шықты.

Жаңа салық реформасы: сарапшылар не дейді

Жаңа экономикалық парадигма. Сіз бен біздің өміріміз қалай өзгереді?

Қаржы және микроэкономика шолушысы Айбар Олжаевтың айтуынша, Қазақстан өзінің экономикалық ғұмырында оң мен сол жақтағы екі соқпақтың бірін таңдауы тиіс жолайырыққа келіп тірелді. 

Бәрібір ауыр таңдау жасау керектігін соңғы 2-3 жылда айқын сезе бастадық. Мемлекет басшысы да, сарапшылар да Үкіметтен батыл шешімдер мен шаралар талап етті. Бүгінгі кеңейтілген отырыста біздің енді қалай жүретініміз айқындалды және ол жаңа қоғамдық келісім-шарттың негізін құрайды деп айта аламыз. Қазіргі қалпымызбен жүре беруге болмайды. Себебі, аз уақытта біз Греция сияқты бюджеттік кризиске шалдығамыз. Артынан инвестициялар кетіп, өндірістер жабылады да, жаппай жұмыссыздық орын алады. Неге? Түрлі салықтық режимдер, басқа да жеңілдіктер аясында бюджетке салық жиналмайтын болған. Былтыр жиналғаны 12,3 триллион теңге. Оның ішінде қосымша құн салығы мүлде жұмыс істемеді. Ал дәл осы кезде бюджет шығындары 26 триллион теңгені құраған. Басым бөлігі әлеуметтік шығындар. Егер оған тиісіп, қысқартатын болсақ, онда зейнетақы, шәкіртақы, бюджет қызметкерлерінің жалақысын кесу қажет деген сөз. Сондықтан шығындарды кеспей, кірістерді арттыру моделі дұрыс деп танылды, - дейді ол.

Оның айтуынша, Үкімет сарапшылармен кеңесе отырып, фискалды режимді, оның ішінде қосымша құн салығы режимін қатаңдатуды ұсынып отыр. 

ҚҚС (НДС) 12-ден 20 пайызға артып, оған іліну шегі 15 миллион теңгеге төмендетілсе деген ұсыныс айтылды. Әрине, бұл нақты параметрлер емес, Парламент қабырғасы мен кәсіпкерлер палатасымен келіссөздер барысында осының компромисті шешімі қабылданатыны анық. Біраз саудаласудан кейін ҚҚС 18 пайызға, іліну шегі 30 миллион теңге шамасында бекітілуі де мүмкін. Бұл бюджетке қосымша 6-7 триллион теңге әкеледі. Өтемақы ретінде ОПВР мен әлеуметтік салықты алып тастау идеясы көтерілді. Демек, жалақы алып жүргендердің айлығы өседі. Халық үшін не өзгереді? Тауарлардың бағасы ҚҚС-тің өсуіне пропорционалды қымбаттайды. ҚҚС-тен кәсіпкерлер көп зардап шекпейді, себебі олар айырмашылықты бағаға қоса салады. Жалақы алатын халықтың айлығы ОПВР мен әлеуметтік салықтың жойылуы есебінен өседі. Бұл айлық төлеп отырған кәсіпкерлерге де тиімді. Себебі еңбек ақы төлеу қорына түсетін жүктеме шамамен 40 пайызды құрап келді, - дейді Айбар Олжаев.

Қымбатшылық тауар сатылымының қысқаруына алып келеді. Осының ішіндегі көп тауар импорт болып шықса, онда экономикаға жаман емес. Нарықтағы айналымның қысқаруы ең алдымен инфляцияның бәсеңдеуіне себеп болады және біздің импорт/экспорт балансында профицитті ұстап отырады. 

Егер бюджеттің кірістері бюджеттің шығыстарына деңгейлес бола алса, онда Ұлттық Қор қаржысын күнделікті нанымызға жеп отырудан құтылып, оны экономикамызды өркендететін әлеуеті бар үлкен жобаларға бағыттай аламыз. Біз қазір тапқанымызды қазір жеп отырмыз және дамуға мүлде ақша қалмай отыр. Ал дамуға инвестиция құймайтын елдің ертеңгі жағдайы белгілі нәрсе. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін үлкен акцент берді. Қазіргі жағдайды аяғы аурудан ісіп кеткен адаммен салыстыруға келеді. Егер аяқты кесіп тастамаса, адам бір аптадан кейін өледі. Ал кесіп жатқанда, оның жаны шығып ауырады. Бірақ түбі аман қалады. Бізге аяқты кесу керек. Әйтпесе экономикалық үлкен қиындықтарға бара жатырмыз. Шыны керек, қатаң салық режимінде халық болып 1-2 жыл қиналамыз. Біз қиналып жатқанда мемлекеттік қаржы, бюджет жүйесі оңалып, өзін реттеп алады. Одан кейін, егер осы реформаларды ойдағыдай іске асырып алсақ, өмір сүру жеңіл болмақ. Басқа жол жоқ, - деп қорытындылады ойын сарапшы.

Жаңа салық реформасы: сарапшылар не дейді

Әлем елдерінде бизнес ешқашан салық төлеуді жақтаған емес

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев та өз пікірін ортаға салды. 

Біріншіден. Бұл істі ертерек бастау керек еді. Тараптардың байланыс мәселесі сәтсіздікке ұшырады. Мен жеке өзім "салықтарымыз төмен, оларды көтеру керек" деп айтып жүргеніме 3 жыл болды. Қазіргі және бұрынғы үкімет бұл мәселені көтерген жоқ еді. Енді бюджет мәселесі пайда болғаннан соң, амалы қалмады.

Екіншіден. Мөлшерлеме қатты көтеріп, шектері төмендету керек пе? Мұнда логика бар. Әрине бұл инфляциялық шок туғызады, бірақ ол тез басталып, тез өтіп кетеді. Егер салық мөлшерлемесін біртіндеп көтеріп, бірнеше жылға созатын болсақ, онда инфляцияның жалпы өсімі одан да жоғары болуы мүмкін. Себебі бәрі жоғары пайызды бағаның ішіне қосып қояды. Бұған қоса жоғары инфляция ұзаққа созылуы мүмкін.

Үшіншіден. Шектерді төмендету бизнесті көлеңкеден шығаруы тиіс, ал көптеген пікір білдірушілер оның керісінше көлеңкеге кететінін айтады. Ал шын мәнінде, бизнес қазірдің өзінде бөлшектеліп, көлеңкеде жатыр. Біз мұны мейрамханалардағы, дәріханалар мен дүкендердегі жеке кассалардан көріп жүрміз. Жаңа шарттар пайда болғанда біреу көлеңкеге кете ме? Әрине. Бірақ төмен шектер бұл процессті қиындатып жібереді, сондай-ақ бұл істе цифрлық технологиялар жоғары деңгейі де сеп болады.  

Төртіншіден. Басқа жол бар ма? Әрине! Біз Ұлттық қордың ақшасына және қарызға өмір сүре аламыз. Бұл да жаман емес, дамыған көптеген елдер күнін дәл осылай көріп келеді. Ұлттық қор 10-15 жылға жетеді, ал мемлекет қарызының көп болмауының арқасында тағы да 10-15 жылға қарыз ала аламыз. Осылайша, бізде 20-30 жыл бар, біз осы уақытта шағын және шетелдік бизнесті төмен салықтармен қолдай аламыз.

Бесіншіден. Сонда басқа амал жоқ па? Біз таңдау жасайтын уақытқа жеттік, мұнда тек екі жол бар. Не біз бәрі жақсы деп тарифтер мен салықтарды ұстап тұрып, балаларымыздың ақшасымен және қарыздармен өмір сүруді жалғастырамыз, не тарифтер мен салықтарды көтереміз. Әрине, бұл біртіндеп, ертерек жасалғанда ауыртпалық әлдеқайда аз болар еді. Адамдарға мұның бәрі не үшін жасалып жатқанын түсіндіру де керек еді, бірақ бізде өзіміздің ерекше жол бар секілді.

Алтыншыдан. Әлемің ешбір елінде еш бизнес салық төлеуді ұнатпайды. Әлемнің ешбір халқы өз салықтарын төмен деп санамайды және оларды төлеуді ұнатпайды.

Жаңа салық реформасы: сарапшылар не дейді

«Қара алтын» арзандаса, Қазақстанның бюджетіне түсетін қаражат азаюы мүмкін

Ал сарапшы Қазбек Майгельдиновтің айтуынша, Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент экономиканы әртараптандыру жөнінде біраз мәселе көтерді. Қазақстандағы қазіргі жағдайды ескерсек, бұл міндетті орындауды кешеуілдетуге болмайды. Өйткені былтыр мемлекеттік бюджеттің дефициті қомақты деңгейге жетті.

Шынын айту керек, бертінге дейін Қазақстан мұнай, шикізат сатып күнелтіп келді. Алайда мұның дәуірі өтіп бара жатыр. Оның үстіне, Дональд Трамп жақында мұнай бағасын түсіремін деп уәде етті. Егер «қара алтын» арзандаса, Қазақстанның бюджетіне түсетін қаражат азаюы мүмкін, - дейді ол.

Не істеу керек? Ең әуелі өңдеу өнеркәсібін жетілдірген жөн. Бұл тұрғыдан қарастырсақ, былтыр ауқымды жұмыс атқарылды. Мысалы, 2023 жылы 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылыпты. Бәрінің жалпы құны 1,3 триллион теңгені құрап отыр. Президенттің айтуынша, аталған саладағы өсім 6 пайызға жуықтаған. Бұл – кейінгі бірнеше жылдағы жоғары нәтиже. Біраз жоба биыл іске қосылады. Демек, бюджетке түсетін қосымша қаражат та артуға тиіс.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын да дамыту экономиканы әртараптандыруда маңызды рөл ойнайды. Құдайға шүкір, Қазақстанда агросекторды ілгерілетуге мүмкіндік мол. Ұлан-байтақ жеріміз бар. Миллиондап қой-ешкі жайсаңыз да сыяды. Тек ең үлкен түйткіл – су. Өкінішке қарай, Қазақстандағы ірі өзеннің бәрі шетелден келеді. Сол себепті кей өлкеге су жетпей қалады. Бұған өзендер мен арықтарға сіңіп кететін суды қосыңыз. Демек, ауыл шаруашылығы саласында заманауи технологияларды енгізіп, тамшылатып суару тәсілін, жаңа технологияларды жиі қолданған жөн. Негізі, осы агросекторды жақсы дамыта алсақ, онда экспорттық нарығымыздың географисы кеңейеді. Мысалы, көрші Қытайда көбіне табиғи таза өнімдерді жиі тұтынады. Ендеше, келешекте миллиардтан астам халқы бар нарыққа шыға аламыз, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, жасыл экономиканы дамыту да өзекті мәселенің бірі. Қазақстанда салынатын бірқатар ірі жоба жүзеге асырылады. Әрине, үкімет қол қусырып отырмағаны түсінікті. Алайда оның бәрі әлі де жеткіліксіз тәрізді. Егер бәрі сәтті жүзеге асып жатса, онда бюджеттегі дефицит мөлшері төмендеуге тиіс.

Бұдан бөлек, туризм, логистика салаларында да дамытуды қажет ететін бағыттар жеткілікті. Былтыр елімізде мыңдаған шақырым жол жөнделді. Әлі Жезқазған – Қызылорда секілді бағыттардың құрылысы аяқталуы қажет. Биыл да бұл жұмыс жалғаса береді. Бұл қадам туризмге де, логистикаға да оң нәтижесін тигізеді деп үміттенемін. Экономиканы әртараптандыру үшін әлі талай жұмыс істеледі. Бұған Үкімет сақадай-сай болуға тиіс. Президент тапсырмасын берді. Енді, соны жүзеге асыру жергілікті әкімдер мен Үкіметтің мойнына түседі, - деп қорытындылады ол.

Өзгелердің жаңалығы