Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өткен брифингте жаңа Салық кодексіне қатысты мәселені түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, 2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және оған ілеспе заңға қол қойған. Бұл құжаттар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды күшіне енеді.
Кодекске енгізілген негізгі өзгерістер туралы бұған дейін хабарлағанбыз. Қазір салық органдары кәсіпкерлер мен бизнес қауымдастық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді Жұманғарин.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, салықтық әкімшілендірудің Интеграцияланған жүйесі енгізіліп жатыр. Жүйе салықтық үдерістерді, мемлекеттік қызметтерді және салық төлеушілермен электронды өзара іс-қимылды толықтай автоматтандыруға бағытталған.
Сонымен қатар Smart Data Finance жүйесі де өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Бұл жүйе салықтарды автоматты есептеп, әрбір салық төлеушіге жеке досье қалыптастырады.
Бүгінде мемлекеттік органдармен 64 интеграция жүзеге асырылды. Бұл мәліметтер көлік және мүлік салығын есептеу, камералдық бақылау және жалпыға бірдей декларациялау барысында пайдаланылады, – деп нақтылады министр.
Жаңа Салық кодексі – Бюджет кодексі қабылданғаннан кейінгі бюджеттік-салықтық реформаның екінші кезеңі. Ал үшінші кезең – нақты секторды ауқымды қаржыландыру.
Бұл бағдарламаның операторы ретінде "Бәйтерек" холдингі белгіленген. Холдингтің капитализациясы 1 трлн теңгеге ұлғайтылып, жалпы қолдау көлемі 8 трлн теңгеге жеткізілді.
Есептеулерге сәйкес, бұл шаралар 2025 жылдың өзінде-ақ ЖІӨ-нің қосымша 1,3% өсімін қамтамасыз етеді, – деп түйіндеді Серік Жұманғарин.