- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жаңа Құрылыс кодексі: 1 шілдеден бастап құрылыс саласында не өзгереді?
Жаңа Құрылыс кодексі: 1 шілдеден бастап құрылыс саласында не өзгереді?
Енді құрылыс кезінде кеткен кемшілік үшін жауапкершілікті бір ұйымнан екіншісіне аудару қиындайды.
Бүгiн 2026, 15:47
Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы құрылыс саласындағы ең ауқымды реформалардың бірі. Бұған дейін құрылыс қызметі негізінен «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңмен реттелсе, енді барлық негізгі талаптар бір кодекске біріктірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылыс саласы неге өзгеруі керек болды?
Соңғы жылдары Қазақстанда тұрғын үй құрылысының көлемі тұрақты өсіп келеді. Мемлекет басшысы алдағы жылдары тұрғын үй құрылысын ұлғайту міндетін қойғанымен, сапа мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ.
Көпқабатты үйлердің уақытынан бұрын тозуы, инженерлік желілердегі ақаулар, пайдалануға берілгеннен кейін анықталатын құрылыс кемшіліктері қоғамда қызу талқыланып келеді. Осы себепті жаңа кодексте құрылыс объектісінің өмірлік циклі толық қамтылды.
Енді жауапкершілік тек ғимаратты пайдалануға берген күнмен аяқталмайды. Жобалау, құрылыс жүргізу, техникалық бақылау және кейінгі пайдалану кезеңдерінің барлығы біртұтас жүйе ретінде қарастырылады.
Цифрлық бақылау күшейеді
Жаңа кодекстегі негізгі жаңашылдықтардың бірі – құрылыс саласын цифрландыру.
Енді:
- құрылысқа қатысушылардың бірыңғай цифрлық тізілімі жүргізіледі;
- лицензиялар автоматты түрде тексеріледі;
- құрылыс жұмыстарының кезеңдері ақпараттық жүйелер арқылы бақыланады;
- мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасу күшейтіледі.
Бұл өзгерістер адами факторды азайтып, рұқсат құжаттарын рәсімдеудегі ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс компанияларының жауапкершілігі артады
Бұған дейін құрылыс саласында әрбір қатысушы өз қызметі үшін ғана жауап беретін.
Ал жаңа кодекс жобалаушының, мердігердің, техникалық және авторлық қадағалаудың жауапкершілігін нақтылай отырып, кейбір жағдайда олардың ортақ жауапкершілігін де қарастырады.
Яғни құрылыс кезінде кеткен өрескел кемшілік үшін жауапкершілікті бір ұйымнан екіншісіне аудару қиындай түседі.
Бұл ең алдымен тұрғын үй сапасын жақсартуға бағытталған.
Жаңа институт енгізіледі
Кодекстегі тағы бір маңызды өзгеріс – техникалық тапсырыс беруші институтының енгізілуі.
Бұл маман жобаның орындалуын үйлестіреді,құрылыс барысын бақылайды, мердігерлердің жұмысын қадағалайды және объектіні пайдалануға беруге дейінгі процесті басқарады.
Әсіресе күрделі инженерлік немесе әлеуметтік нысандар салуда мұндай институттың рөлі айтарлықтай болады деп күтіліп отыр.
Лицензия алған компаниялар тұрақты бақылауда болады
Жаңа кодекс лицензия алғаннан кейінгі бақылауды да күшейтеді.
Компания тек лицензия алып қана қоймай, кейін де материалдық-техникалық базасын, инженерлік құрамын, сертификатталған мамандарын және тәжірибесін растауға міндетті болады.
Яғни лицензия бір рет берілетін құжат емес, оның талаптарына тұрақты сәйкестік тексеріліп отырады.
Құрылыс сапасына кепілдік мерзімі ұзарады
Көпшілік үшін маңызды жаңалықтардың бірі – кепілдік міндеттемелерінің күшеюі.
Жалпы құрылыс жұмыстарына кепілдік мерзімі кемінде 5 жыл болып белгіленсе, көтергіш конструкциялар, қасбеттер мен шатыр сияқты негізгі элементтерге 10 жылға дейін кепілдік қарастырылған.
Бұл тұрғындардың құрылыс компанияларынан сапалы жұмыс талап ету мүмкіндігін арттырады.
Қолжетімді ортаға ерекше назар аударылады
Жаңа кодекс мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз етуге ерекше мән береді.
1 шілдеден бастап әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділік талаптарына сәйкестігін бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар сәйкестік декларацияларына қол қою функциясының бір бөлігі әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау органдарына беріледі.
Бұл өзгерістердің мақсаты – жаңа ғимараттардың барлығы ерекше қажеттілігі бар азаматтарға ыңғайлы болуын қамтамасыз ету.
Жаңа кодекс тұрғындарға не береді?
Мамандар реформаның түпкі мақсаты – құрылыс көлемін ғана емес, оның сапасын да арттыру екенін айтады.
Егер кодекс толыққанды іске асса:
- құрылыс саласындағы ашықтық күшейеді;
- жауапкершілік нақты бөлінеді;
- цифрлық бақылау артады;
- сапасыз құрылыс тәуекелі азаяды;
- тұрғындардың құқықтары жақсырақ қорғалады.
Алайда сарапшылар кез келген заңның тиімділігі оның орындалуына байланысты екенін айтады. Сондықтан жаңа кодекстің нақты нәтижесі мемлекеттік бақылаудың сапасына, цифрлық жүйелердің жұмысына және құрылыс компанияларының талаптарды қаншалықты сақтайтынына тікелей тәуелді болады.
Еске салайық, бұған дейін құрылыс компаниялары үшін жаңа дәуір басталатыны хабарланды.
Ең оқылған:
- Аптап ыстық және нөсер жаңбыр: Синоптиктер ескерту жасады
- 8,5 млн теңгеге сатқан: Ақтауда алаяқтар зейнеткерді жалғыз баспанасынан айырды
- Маңғыстау тұрғындары шаңды құйынды видеоға түсіріп алды
- Қазақстанның оңтүстігінде никабқа тыйымды бұзған ондаған адам анықталды
- Месси гол соғып, Аргентина әлем чемпионатындағы үшінші жеңісіне жетті
Аида БАТУХАН