Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Алматы облысы Талғар қаласының халқымен кездесу барысында айтты.
Үш сағатқа созылған жиын барысында министр аудан халықының барлық арыз-тілектері мен ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ ол министрлік атқарып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Біз азаматтық қоғам институттарын дамыту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда республика бойынша әлеуметтік маңызды жұмыстармен айналысатын алдыңғы деңгейдегі 22 мың ҮЕҰ бар. Мемлекет тарапынан біз барлық ҮЕҰ-ға тиісті қолдау көрсетуге және ықпалдастыққа тартуға тырысамыз. Елімізде жыл сайын азаматтық белсенділік артып келеді. Бұл кез келген мемлекет үшін, әсіресе қазіргідей маңызды кезеңде пайдасы зор. Мемлекет басшысы жариялаған Жаңа Қазақстан туралы идея – абстракциялық ұран емес, жаңа қоғам құру біздің ортақ жауапкершілігіміз,-деді Омаров.
Оның айтуынша, былтыр Алматы облысына мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс бойынша 199 млн теңге бөлінген, бұл 92 жоба. Ал, биыл 112 жобаға 495 млн теңге бөлініпті. Бұл қаражаттың барлығы азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған.
Облыстық әкімдік азаматтық қоғамды дамытуға ерекше назар аударуы керек. Азаматтық жобаларды ұйымдастыру мен оны іске асыруға жұртшылық белсенді түрде тартылуы қажет. Халық белсенді болған сайын әлеуметтік жобалар соғұрлым тиімді іске асады. Биыл үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заңды жетілдіре түсеміз. Қазір волонтерлік қызмет, қайырымдылық, ҮЕҰ үшін әлеуметтік тапсырыс жөніндегі заң жобасы қаралып жатыр,-деді министр.
Министрдің айтуынша, қазір әсіресе жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлініп отыр.
Сіздердің аудандарыңызда 49 мыңдай жас буын бар. Елімізде олар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Мәселен, «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орыны, «Jas project» және басқа да бағдарламалар бар. Өтке жылы бизнесін енді ашып жатқандарға 30 грант берілді, оның екеуі Алматы облысының қастушысы. Мәселен, Жамбыл ауданында мұғалім болып істейтін азамат биомеханикалық протез жасау бойынша грант ұтып алса, тағы бір азамат жиһазды қайта өңдейтін цех ашу бойынша қаражатқа ие болды,-деді Асқар Омаров.
Баяндама жасап болған соң министр халықпен ашық диалогқа барып, олардың көкейіндегі мәселелерді тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Талғар ауданының тұрғындары көптен бері қордаланып қалған мәселелерді атап, оларды шешу бойынша сұрақтарын қойды. Оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық, ауылды жердегі ҮЕҰ-дың проблемасы, баспана төңірегіндегі және басқа да мәселелер.
Кейбір қатысушылар ауылды жердегі жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаны дамыту жөнінде өз идеяларымен де бөлісіп, ұсыныстарын білдірді.
Министр жұртшылық тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына кеңінен жауап берді. Кейбір сұрақтар бойынша сол сәтте атқарушы органдарға тапсырма беріп отырды.