«Ауыл» партиясының байқаушысы, Қазақ технология және бизнес университетінің үшінші курс студенті Аян Байдәулетов сайлаудың қалай өтіп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байқаушы Аян Байдәулетов елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ашылған №111 сайлау учаскесіндегі сайлау науқанын таңнан бері бақылап отыр. Ол өз жұмысын сағат 08:00-ден аса бастады.
Байқаушының ойынша, дауыс беру процесі ойдағыдай өтіп жатыр.
Сайлау тыныш өтіп жатыр. Әрине әділетті, ашық өтіп жатқанына да сенемін. 8-ден аса №111 сайлау учаскесіне келдім. Бәрі талапқа сай өтіп жатыр. Ережелердің бұзылғанын байқамадым, - деді жас байқаушы.
Бұл - Аян бақылауға келген алғашқы сайлау учаскесі. Сөзінше, бүгін сайлау науқаны аяқталғанша, яғни 20.00-ге дейін осы учаскеде өзіне тиесілі міндетті атқарады.
Сайлау ашық, әділетті өтіп жатыр деп ойлаймыз және соған сенеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Жаңа Қазақстанның құрылып жатқанына сенеміз, үмітімізді үзбейміз, - деп айтты 23 жастағы Аян Байдәулетов.
Дәл қазіргі уақыт бойынша сайлау учаскесінде 2 744 сайлаушының 20 пайызы дауыс беріп үлгерді. Ал сайлау учаскесінде барлығы 2 771 бюллетень бар.