Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихаты барысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым хабарлады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда топқа 31 депутат мүше болып отыр.
Қазір бастамашы топ 31 адамды құрап отыр. Ал топқа мүше емес қалған әріптестерімізге келер болсақ, біз бір бөлек, қалғандары бір бөлек деген әңгіме жоқ. Осы күндері өзіміз жақсылап ақылдасып, бұқараға танымал деген адамдарды қамти отыра құрдық. Қазірдің өзінде шын ниетпен қатарымызға қосылғылары келіп отырған азаматтар да жоқ емес. Сенаттың өзінің тобы бар. Олар өзіміз қосымша топ құрамыз немесе сендерді қолдайық десе, оларға да кетәрі емеспіз. Бұл жерде ең бастысы – саяси реформа жасау. Болашақта құрамымыз кеңеюі ықтимал. Біз бәріне ашықпыз, кез келген саяси топтармен, партиялармен, азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзірміз, - деп атап өтті Айдос Сарым.
Сондай-ақ ол депутаттық топтың неліктен «Жаңа Қазақстан» деп аталуына да тоқталып өтті.
5 қаңтардан бастап елдегі орын алған жағдай Қазақстанның тарихын екіге бөлді десе болады. Қазіргі жағдай, қазіргі қоғамдық пікір бұрынғыдай өмір сүруді қаламайтынына көз жеткіздік. Бізге жаңа ел, жаңа қоғам керек. Сондықтан топтың атауын осылай атадық, - деді белгілі саясаткер.
Еске сала кетейік, кеше депутаттар «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық қор құруды ұсынған болатын.