Жаңа Қазақстан моделі немесе Қытайдағы жаңа дәуір

15 Қазан 2022, 22:31
41207
Бөлісу:
Жаңа Қазақстан моделі немесе Қытайдағы жаңа дәуір
Фото: автордан

Ертең Қытай астанасы Бейжіңде Қытай коммунистік партиясының ХХ съезі басталады. Бұл саяси оқиғаның Қытай үшін ғана емес, әлем үшін саяси маңызы зор. Себебі көршіміз алдағы бес жылға арналған стратегиялық жоспарларын айқындайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін медиа орталықта ҚКП-ның ХХ съезге дайындық барысына қатысты брифинг өтті.

ҚКП ХХ съезінің ресми өкілі Сунь Ели атап өткендей, Қытай коммунистік партиясының ХХ съезі (ҚКП) ертең, яғни жексенбі күні таңғы сағат 10:00-де Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде ашылып, 22 қазанда жабылады. Құрылтай жеті күнге созылады.

Ол журналистерге ХХ съезд туралы айтып берді.

ҚКП-ның ХХ съезі бұл біз үшін маңызды жиын. Өткен 5 жылдағы жұмысты талдай отырып, Бас хатшы Си Цзиньпиннің басшылығымен біз Қытайдың социализм жолымен берік келеміз. Әрине жетістіктер мен тәжірибелерге қол жеткіздік. Бүгін ХХ съездің алдын ала дайындығына қатысты отырыс өткіздік, - деді баспасөз хатшысы брифингте.

Қазақстан да, Қытай да тарихи сәтке дайын...

Қытай бүгін Компартияның съезіне дайындық жұмыстарын аяқтады.

ҚКП ХХ съезінің ресми өкілі Сунь Ели қандай жұмыстар жүргізілгеніне тоқталып өтті.

Дайындық жұмыстары төрт аспектіден тұрды. ҚКП-ның Орталық комитеті зерттеу жұмыстарын жүргізді. 26 тақырып таңдап алынып, 54 түрлі ведомство 80-нен астам астам баяндама жасалды. Түрлі аппараттар қоғамдық сауалдар өткізді. 26 шілдеде Бас хатшы Си Цзиньпин ең басты тақырыптарды көтеріп, еліміз бен партияның алдағы 5 жылына басты міндеттер мен мақсаттарды қойды. Бұл ел партиясының келешегіне, Қытай ерекшелігімен социализмнің келешегіне және қытай ұлтының қайта өрлеу ісіне қатысты болды, - деп айтты съездің ресми өкілі.

Сунь Елидің сөзінше, ХХ съездің баяндамасын ең тиімді жолмен әзірлеу үшін түрлі ескертулер мен ұсыныстар ескерілген. Сондай-ақ ол ҚКП ОК 19-шы сайланған ҚКП-ның алдағы ХХ съезі баяндамасының жобасын жасау кезінде 4 700-ден астам адамның пікірлері ескерілгенін қоса кетті.

Қытай коммунистік партиясының ХХ съезіне 2 296 делегаттың мандаттары бекітілді. Жоғарыда аталған делегаттар ҚКП-ның 20-шы съезіне қатысып, ҚКП-ның 96 млн-нан астам мүшесі мен 4,9 млн-нан астам қарапайым партиялық ұйымдардың атынан қатысады, - деп атап өтті Сунь Ели баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол жаңа шақырылымдағы ҚКП ОК Саяси Бюросының мүшелері 20-шақырылымдағы ҚКП ОК бірінші пленумы аяқталғаннан кейін қытайлық және шетелдік журналистермен кездесетінін айтты.

Қазақстанда да 20 қараша күні тарихи, саяси маңызы зор науқан өтеді. Ол – кезектен тыс президент сайлауы. Барлығыңыз білетіндей, 23 қыркүйек күні Президенттікке үміткерлерді тіркеу басталып, 11 қазанда тіркеу уақыты аяқталған болатын. Партиялар мен қоғамдық ұйымдардан барлығы 12 үміткер ұсынылып үлгерді. Олардың қатарында Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев, Мейрам Қажыкен, Қасым-Жомарт Тоқаев, Қарақат Әбден, Нұржан Әлтаев, Жұматай Әлиев, Талғат Ерғалиев, Салтанат Тұрсынбекова, Хайролла Ғабжалилов, Бақыт Жаңабаев және Фатима Бизақова бар.

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына үміткерді тіркеу туралы комиссияның отырысы өтті.

Оған қоса ОСК сайлау науқаны кезеңін белгіледі. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 21 қазан 18.00-ден 19 қараша 00.00-ге дейін жүргізіледі. 19 қараша күні тыныштық күні.

Қазақстандағы кедейлікпен күрес немесе кедейлікті жеңген жалғыз ел

2020 жылға қарай Қытайдың ЖІӨ 100 трлн юаньнан, ал оның жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 000 доллардан асты. Сондай-ақ 400 млн-нан астам қытайлық әлемде орташа табысы бар ең үлкен тапқа айналды. Қытайдың әлемдік экономикалық өсудегі үлесі көптеген жылдар бойы 30%-дан жоғары болып келеді. Орташа күнкөріс деңгейі де жыл сайын артып келеді. 

Орташа ауқатты қоғам экономиканың жалпы санына және жан басына шаққандағы ЖІӨ-ге ғана тәуелді емес. Кедейлікте өмір сүріп жатқан адамдардың жағдайын назарға алу қажет. ҚКП үшін кедейлікті жою мәселесі әрдайым басты назарда тұратын сұрақ. Соңғы жылдары атаулы кедейлікті жою жұмысын жүргіздік, - деді ол.

Сөзінше, 2020 жылдың соңына қарай 832 ауылдық жер толығымен кедейліктен құтылды. Осыдан ҚКП тарихта халықты кедейліктен арылтудың таңғажайып дүниесін жасап жатыр деп айтуға болады.

2020 жылдың аяғындағы жағдай бойынша Қытай өзінің барлық 98,99 миллион аз қамтылған ауыл тұрғындарын кедейліктен шығарды. Халықтың рухани өмірі байып, елдің экологиялық жағдайы жақсартылды. ХХ съезде компартияның алдағы 5 жылғы бағытын айқындап, алға қойған барлық міндеттерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз, - деп айтты Сунь Ели.

Ол Қытай экономикасы тиімді, әділ әрі қауіпсіз бола түскенін қоса кетті.

Қазақстанда да азаматтардың кедейлік қамытынан құтылуы, жұмыс істеуі, тіпті бизнес ашып, жағдайын дұрыстауы үшін көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Тіпті түрлі бизнес бастау жобалары қолға алынып, халықты оқытып, сосын жұмыс орындары мен жеңілдетілген несиелер де ұсынылып жатыр.

Биыл 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жасады. Ол Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын ауқымды саяси реформалар мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды жариялаған болатын.

Саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып экономика мен мемлекеттік басқару саласында реформалар пакетін әзірлеуге шұғыл түрде кірісу керек. Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімінде қалануы керек. Ол еліміздің қадамдап алға жылжып, азаматтарымыздың өмірінің деңгейі артуына мүмкіндік береді, - деген еді Президент Тоқаев.

Сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты қабылданатын шаралар туралы айтқан болатын.

Еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы. Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді, - деп атап өтті ол.

Тоқаев атап өткендей, еліміздегі зейнетақы жүйесіне де, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгерістер енгізіледі.

COVID-19. Екі елге де ортақ шешім - адам өмірі мен денсаулығы бірінші орында

COVID-19 індеті әлем экономикасына өз нұқсанын келтірді. Індет жақында тоқтайды деп үміттенеміз. Пандемия басталғалы бері Қытай халық пен адамдарды, олардың өмірі мен денсаулығын бірінші орынға қойып келеді. Қытайда індетпен күрес үшін «нөлдік төзімділік» саясаты қолданылады. Мұндай шешім елдегі жағдайдың ерекшелігіне байланысты қабылданған. Біздің саясатымыз - жылдам әрекет ету және нақты жауап беру, әндет ошағын бақылауда ұстап, халықтың денсаулығын сақтау, - дейді ҚКП ХХ съезінің ресми өкілі.

Ол Қытай халық тығыз орналасқан ел екенін еске салды.

Еліміздің «нөлдік төзімділік» саясаты індеттің алдын алу және бақылау шараларының ең үнемді және ең тиімді тәсілі, - деп түсіндіріп өтті Сунь Ели.

Айта кетейік, пандемия кезінде Қытай Қазақстанға көмекке медициналық қызметкерлерін жіберіп, дәрі-дәрмек, COVID-19-ға қарсы вакциналарымен бөлісіп, гуманитарлық көмек көрсеткен болатын. Десе де әлем әлі күнге дейін індетпен күресті жалғастырып келеді. 15 қазандағы мәлімет бойынша елімізде 1 000 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. 

Жемқорлармен күрес - екі елге де ортақ мәселе

Партия жұмысындағы ең өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Қытай халқы да жемқорлықты құп көрмейді. 18-ші съезд өткеннен кейін партия сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысын жүргізіп, ауыл толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Осы бағытта институционалдық, құқықтық жұмыстарды нығайттық. Партия ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет күшейіп жатыр, - деді Сунь Ели.

Сөзінше, жемқорлықпен айналысқан бірқатар азамат жазаланған. Партияның 18-ші съезі аяқталғаннан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы 4 млн іс қозғалған.

Біз бірқатар заң жобаларына өзгерістер енгіздік. Өзін-өзі бақылауды жақсарттық. Өзін-өзі бақылау бағыты бойынша ревизиялық жұмыс, мониторинг және бақылауға 2 рет өзгеріс енгіздік. Оған қоса әкімшілік жауапкершілікке де тиісті өзгерістер енгізілді, - деп түсіндірді ҚКП ХХ съезінің ресми өкілі.

Сондай-ақ Сунь Ели атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әлі де күрделі және өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрделі және ұзаққа созылған күресте жеңіске жету үшін батыл әрекет ету керек екенін айтты.

Қазақстан да сыбайлас жемқорлық мәселесімен күресін жалғастырып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажеттігі туралы айтқан болатын.

Еске сала кетейік, 6 қазан күні Қазақстанда да (Астана) Amanat партиясының кезектен тыс XXIV съезі өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы