Мәжілістің жалпы отырысында сайланған жаңа Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлихан Смайылов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттер Үкімет жұмысының негізгі басымдықтары болатынын айтты.
Ең алдымен, біз Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын және AMANAT партиясының бағдарламасын іске асырамыз. Сонымен бірге басқа да партиялар мен депутаттардың, бизнес-қауымдастықтар мен азаматтардың сындарлы ұсыныстарын ескереміз. Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімін 5%-ға дейін жеткізу, осы жылдың аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – біз үшін аса маңызды міндет, - деді Үкімет басшысы Мәжілісте.
Оның сөзінше, кәсіпкерлікті қолдау және бизнес-климатты жақсарту жөніндегі кешенді шаралар, сондай-ақ бизнестің түйткілді мәселелерін шешу, халықты жұмыспен қамту және азаматтарымыздың нақты табысын өсіру – негізгі бағыттардың бірі.
Экономиканы әртараптандыруға, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге және қосылған құны жоғары шикізаттық емес тауарлар өндірісін ұлғайтуға басымдық беріледі. Ел экономикасына, бірінші кезекте, өңдеуші салаларға ауқымды инвестициялар тарту бойынша шаралар қабылданады. Ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс атқарылады. Сонымен қатар энергетика саласын дамыту және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері өте маңызды, - деп айтты ол.
Сонымен қатар ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
«Тариф орнына – инвестиция» бағдарламасын іске асыру электр және коммуналдық желілердің тозуын төмендетуге мүмкіндік береді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту кеңейтіледі. Көлік және логистика саласында өткізу қабілетін арттыруға және халықаралық дәліздерді дамытуға басымдық беріледі. Білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызметтердің тиімділігі мен сапасын жақсарту, сонымен қатар цифрландыруды әрі қарай жалғастыру және мемлекеттік бірыңғай цифрлық платформаны енгізу біздің жұмысымыздың маңызды бағыттары болады, - деп айтты Смайылов.
Ол Парламент депутаттарымен өзара бірлесіп, үйлесімді және нәтижелі жұмыс жасайтынына сенім білдірді.
Еске сала кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын қарауды ұсынды. Дегенмен оппозициялық партия Смайыловтың кандидатурасына қарсы болды. Алайда Смайыловтың кандидатурасын 82 депутат қолдап, ол Үкімет басшысы болып қайта сайланды.