Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасының негізгі бағыттарының бірі – партия құрылысын ырықтандыру. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастенов пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оны жүзеге асыру аясында саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетіліп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтық өкілдіктерінің төменгі мөлшері 600-ден 200 адамға дейін қысқарды. Бұл ретте партиялардың Парламент Мәжілісіне өтуіне шектеу 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді.
Бұл шаралар партиялардың құрылуына да, сондай-ақ олардың өз саяси мақсаттарын жүзеге асырып, сайлаушылардың мүдделерін қорғау үшін Парламентке кіру мүмкіндіктерін де айтарлықтай кеңейтті. Сонымен қатар бұл партияның дамуын белсендіріп, жаңа партиялардың құрылуына ықпал етті.
Биылғы сайлау науқанына 7 саяси партия қатысып жатыр. Олардың арасында жақында құрылған 2 жаңа партия бар. Жаңа партиялардың құрылуы қоғамның барлық әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Өткен парламент сайлауына 5 партия қатысқаны белгілі, - деді сарапшы.
Бұл партиялық бәсекелестікті арттырып, сайлау алдындағы дауыс үшін күресті күшейтеді. Бұған өзін-өзі ұсынған кандидаттардың сайлауға қатысуы да ықпал етеді.
69 депутат партиялық тізімге сәйкес пропорционалды жүйе бойынша, 29 депутат бір мандатты округ бойынша сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарының сайлауы да аралас сайлау жүйесі бойынша 50/50 қатынасымен өтеді.
Мәжіліс сайлауында партиялық тізім бойынша барлығы 281 кандидат тіркелді. Бір мандатты 29 округ бойынша Мәжіліс депутаттығына 435 кандидат (орта есеппен бір мандатқа 15 кандидат) тіркелген. Кандидаттардың мұндай көп болуы сайлау үдерісіне, тиісінше, әділ сайлауға деген сенімнің артуына байланысты болып отыр, - деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастенов.