Жаңа оқу жылы: Нені білу керек?

1 Қыркүйек 2021, 09:00
12524
Бөлісу:
Жаңа оқу жылы: Нені білу керек?
VIDEO
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – 1 қыркүйек, Білім күні. Республикадағы барлық оқу ордалары штаттық режимде жұмыстарын бастады. Пандемия әлі тоқтамаған жағдайда дәстүрлі режимде оқу процесі қалай ұйымдастырылады? Мектептерге қандай санитарлық талаптар қойылады? Осы және өзге сұрақтарға төмендегі материалда жауап іздеп көрген едік.

Жаңа оқу жылы қалай ұйымдастырылады?

Жаңа оқу жылын қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, штаттық форматта бастау жоспарланып отыр. Бүгінгі күні мектепке дейінгі ұйымдар штаттық жұмыс режиміне оралды. Осы оқу жылында 7 мыңнан аса мектеп шамамен 3,6 млн оқушыны қабылдайды. Оның ішінде 380 мыңға жуық бала 1-сыныпқа қабылданады.

Ұлттық білім беру деректері бойынша мектептердің 95%-ының жобалық қуаты мен оқушылар саны барлық санитарлық талапты сақтай отырып оқуды толық дәстүрлі форматта бастауға мүмкіндік береді. Мұндай мектептерде оқушылардың 81%-ы білім алып жатыр.

Оқушы орындарының тапшылығы бар үшауысымды 300-ден аса мектеп бар. Бұл жалпы мектептердің 5%-ын құрайды. Бұл мектептерде бүгінгі күні оқушылардың 19%-ы білім алатыны жоспарланып отыр. Осы мектептерде қосымша шаралар арқылы кейбір пәнді қашықтан оқытып, икемді кесте бойынша штаттық түрде оқыту жүргізіледі. Ауысымдар мен кіші ауысымдар ұйымдастырылады. Ал негізгі пәндер бұл мектептерде штаттық форматта оқытылады.

Қандай санитарлық талаптар сақталады?

Айта кетейік, мектеп ішіне тек Ashyq қосымшасы арқылы кіруге болады. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне бойынша, бұл ауру жұқтырған және байланыста болған адамдарды анықтап, педагогтарға, қызметкерлерге және ата-аналарға жұқтыруға жол бермейді. Балаларға QR-кодты сканерлеудің қажеті жоқ.

Мектептерде оқу процесінде қатаң түрде санитарлық талаптар сақталады:

·        күнделікті термометрия,

·        маска режимі, кварцтеу, желдету, дезинфекциялау жұмыстары,

·        бұқаралық және қоғамдық іс-шараларды шектеу,

·        бастауыш және жоғарғы сыныптарды араластырмау үшін әр уақытта берілетін үзілістер,

·        ауысымдар санының артуы,

·        педагогтар мен мектептердегі басқа да қызметкерлердің 100% вакцина алуы (медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мұғалімдерді қоспағанда),

·        бір сыныпқа бір кабинетті бекіту жүйесі,

·        бір сыныптағы оқушылар саны 25-тен аспайды.

2-11 сыныптарда сабақтың ұзақтығы 45 минут, 1-сыныптарда оқу сабақтарының режимі қыркүйекте күніне 35 минуттан 3 сабақ, қазан айынан бастап 45 минуттан өткізіледі. 1-сыныпта білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүргізілмейді.

Қандай форма киеміз?

Жаңа оқу жылында мектеп формасы бойынша талаптар негізінен сақталады. Бірақ пандемия жағдайына байланысты мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге де рұқсат беру бойынша шешім қабылданды.

1-сыныпқа Әліппе табысталады

1 қыркүйекте өтетін салтанатты шара дәстүрлі форматта, мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ғана ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде Әліппе мен Букварь табысталады.

Ал 2-11 сынып оқушылары бекітілген кабинеттерге барып, тақырыптық сынып сағаттарына қатысады.

6 күндік оқуға көшеміз бе?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың мәлімдемесіне сәйкес елімізде бес күндік аптадан алты күндік оқу аптасына ресми ауысу жоспарда жоқ.

Егер жекелеген оқу орындары карантиндік шектеулерді ескере отырып, бес күндік форматқа сәйкес келмесе, олар сенбі күндері сабақ өткізе алады. Мұндай жағдайлар бұрын да қазақстандық мектептерде болған.

Оқушы коронавирус жұқтырса, сабақты қалай жалғастырады?

Ата-анасы коронавирус жұқтырған немесе науқастармен байланыста болған балалар оқу орнына бара алмайды. Олар үшін қашықтан оқыту ұйымдастырылады. 

Сонымен қатар егер бір оқушы коронавируспен ауырса, онда оның бүкіл сыныбы онлайн оқытуға көшіріледі. Қалған сыныптар мектепте оқуын жалғастырады. Егер оқушының ата-анасы ауырып қалса, онда бұл оқушы екі апталық карантинге жіберіледі.



Видео: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы