Жаңа облыстарда әкімдіктер құруға қанша қаражат қажет?

13 Маусым 2022, 13:46
1479
Бөлісу:
Жаңа облыстарда әкімдіктер құруға қанша қаражат қажет?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның жаңа аймақтарына көшу, әкімдіктер мен облыстық басқармалардың жұмысын ұйымдастыру үшін 12 млрд теңге қажет екенін айтты.

Жаңадан құрылған облыстардың мемлекеттік органдары құрылғаннан кейін өңірлерде бюджетті және коммуналдық меншікті аймақтар арасында бөлу бойынша жұмыстар басталады.

Біз облыс орталықтарының инфрақұрылымдық нысандардың, жылжымайтын мүліктің болуын, әкімшілік ғимараттарды сатып алу, жалға алу және жөндеу қажеттілігіне дайындығын орнында зерттеп, сараптадық. Жаңа облыс орталықтарында мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің жұмыс істеуіне қажетті әкімшілік ғимараттары бар. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар облыс орталықтарындағы әкімшілік ғимараттарды сатып алуға, жөндеуге, жалға беруге қажетті бюджет қаражатының алдын ала көлемдерін анықтады. Алдын ала жалпы қажеттілік шамамен 12 миллиард теңге, - деп айтты Ұлттық экономика басшысы брифингте.

Ол бюджет қаражатын бөлу мәселесі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен қаралатынын айтты.

Сома өзгеруі мүмкін, себебі әзірге қаражат тек бастапқы кезеңге есептелген. Әрине, қосымша қаражат қажет және қажет болған жағдайда жергілікті бюджеттен де, республикалық бюджеттен де бөлінеді. Бұл үшін барлық қажетті ресурстар бар. Қазіргі уақытта жарияланған 12 млрд теңге бірінші кезеңге көшіруге, әкімдіктер мен облыстық басқармалардың жұмысын ұйымдастыруға арналған, - дейді министр.

Өзгелердің жаңалығы