Жаңа облыстар. Үкімет іс-шаралар жоспарын қабылдады

13 Маусым 2022, 12:56
1387
Бөлісу:
Жаңа облыстар. Үкімет іс-шаралар жоспарын қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Президент Жарлығын іске асыру үшін Үкімет тиісті ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын қабылдағанын айтты.

Министрдің Мемлекет басшысының жаңа облыстарды құру жөніндегі бастамасы халық, жұртшылық, қаралып отырған өңірлердің аудандық және облыстық деңгейдегі депутаттары арасында қолдау тапты.Осылайша, жаңа облыстарды құру және тарихи атауларды қайтару ұлттық сана-сезімді нығайта түседі.

Сонымен қатар Президенттің жаңа облыстарды құру жөніндегі бастамасын іске асыру үшін Үкімет тиісті жұмыс жүргізді.

2022 жылғы наурыз айында  Премьер-министрдің бірінші орынбасарының төрағалығымен үкіметтік Комиссия құрылды және осы комиссияның тиісті жұмыс алгоритмі бекітілді. Биылдың сәуір айында Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті, онда жаңа облыстарға – Абай, Жетісу, Ұлытау атауларын беру туралы ұсыныс қолдау тапты. Сондай-ақ, сәуір айында жаңа облыстардың шекарасын анықтау бойынша мәслихаттардың тиісті сессиялары өткізілді, - деді Қуантыров брифингте.

Ұлттық экономика басшысы жаңа облыстар аумағының шекараларын айқындау кезінде жергілікті халықтың пікірі, өңірдің экономикалық және инфрақұрылымдық әлеуеті, халық саны және басқалары сияқты өлшемдер ескерілгенін атап өтті.

Нәтижесінде, Мемлекет басшысы осы жылғы 3 мамырда Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құруды көздейтін «Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына қол қойды. Осы Жарлық осы жылғы 8 маусымда күшіне енді. Осылайша, Қазақстан картасында Абай, Жетісу, Ұлытау деген тарихи атаулары бар үш жаңа облыс пайда болды, - деп айтты ол.

Сонымен қатар Жарлықты іске асыру үшін Үкімет тиісті ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын қабылдады. Жол картасының негізгі іс-шаралары - жергілікті және аумақтық басқару құрылымдарын қалыптастыру, облыстар арасында бюджет және коммуналдық меншік бойынша бөлу, бюджетті бекіту, әділет органдарында тіркеу, салық кодтарын беру, шоттар ашу және басқалар.

Айтуынша, жол картасында 27 іс-шара қарастырылған және ол орындалып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы