Қазақстанның соңғы жаңалықтары

“Жаңа мүмкіндіктер”: Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы қандай?

Жансая ҚАМБАР
21 Қараша 2025, 07:30
845
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Қазақстан мен Армения арасындағы екіжақты сауданың толық әлеуетін ашуға әдетте географиялық қашықтық пен күрделі логистика кедергі келтіреді. Дегенмен әріптестік жалғасып жатыр. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар қазір қандай деңгейде және Арменияға жүк транзитіне Әзербайжан енгізген шектеулердің алынуы Қазақстан мен Армения сауда қарым-қатынасына қандай мүмкіндіктер береді? 

Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы

Қазақстанның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 103,7 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 35 млн доллар, импорт – 68,7 млн доллар.

2024 жылы өзара сауда көлемі 82,9 млн АҚШ долларын құрады. Экспорт – 36,3 млн доллар, импорт – 46,6 млн доллар.

2025 жылдың алғашқы 8 айында екіжақты сауда 35,4 млн долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,9%-ға азайды. Оның ішінде экспорт 23,6 млн доллар болып 2,7%-ға азайса, импорт 11,9 млн долларға төмендеп, 63,9%-ға құлдырады.

Қазақстан Арменияға не экспорттайды?

Қазақстан – Арменияға күнделікті тұтыну тауарларын жеткізуші ел. Еліміз Арменияға негізінен:

  • темекі өнімдерін – 7,2 млн АҚШ доллары (үлесі – 38,9%);
  • шашқа арналған құралдарды – 2,1 млн АҚШ доллары (11,1%);
  • іркіт, йогурт, айран – 782,9 мың АҚШ доллары (4,2%);
  • электр аккумуляторлары – 767,8 мың АҚШ доллары (4,1%);
  • шошқа еті – 707,5 мың АҚШ доллары (3,8%);
  • тері күтіміне арналған косметика және декоративті косметика – 639 мың АҚШ доллары (3,4%);
  • дәретхана қағазы, қол орамалдары, майлықтар және осыған ұқсас бұйымдар – 440,4 мың АҚШ доллары (2,4%) экспорттайды.

Армения Қазақстанға зергерлік бұйымдар мен алкоголь импорттайды

Армения Қазақстанға қосылған құны жоғары өнімдерді көбірек жеткізеді. Бұл – екі ел саудасының айқын ерекшелігі. Армениядан негізінен мына тауарлар импортталады:

  • қымбат металдардан немесе қымбат металдармен қапталған металдардан жасалған зергерлік бұйымдар және олардың бөлшектері – 3,3 млн доллар (үлесі – 32,9%);
  • күшті алкогольдік ішімдіктер – 2,6 млн доллар (25,5%);
  • газды, сұйықтықты немесе электр энергиясын өлшейтін есептегіштер – 562,2 мың доллар (5,6%);
  • темекі өнімдері – 538,5 мың доллар (5,3%);
  • басқа да азық-түлік өнімдері – 429 мың доллар (4,3%);
  • бөлшектеп сатуға арналған қаптамадағы дәрі-дәрмектер – 355,5 мың доллар (3,5%);
  • темекі және оның алмастырғыштары, темекі экстракттары мен эссенциялары – 276,5 мың доллар (2,7%).

Инвестициялар көлемі қандай?

Ұлттық банк деректеріне сәйкес, 2005 жылдан 2025 жылдың 6 айына дейін Армения инвесторларынан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны – 21,8 млн АҚШ доллары. 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында бұл көрсеткіш 3,1 млн доллар болды.

2005 жылдан 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін Қазақстан инвесторларынан Арменияға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны – 57,3 млн АҚШ доллары.

Айта кетейік, Қазақстанда армян қатысуы бар 400-ден астам заңды тұлға, филиал және өкілдік тіркелген.

Бизнес форумдар серіктестікті күшейтті

2024 жылы үш қазақстан-армян бизнес форумы өтті (27–30 наурыз, Ереван; 9 сәуір, Ереван; 26–28 тамыз, Алматы). Бұл іс-шаралар іскер топтардың байланыс орнатуына мүмкіндік беріп, бірқатар келісімдерге қол жеткізуге ықпал етті. Атап айтқанда:

  • «TUMO» орталығын ашу жөнінде Астанада шығармашылық технологиялар саласындағы армян жобасы (alem.ai базасында орналасады, ашылуы 2026 жылы күтіледі);
  • Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында Армения сауда павильондарын ашу;
  • “Хоргос” халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында Duty free дүкендерін ашу туралы келісімдер.

Өзара ынтымақтастықты жандандырудың маңызды тетігі – сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссия. Оның 11-отырысы 2025 жылғы 19 қыркүйекте бейнеконференция форматында өтті.

2023 жылғы қарашада Алматы қаласында Армениядағы ең ірі “Манташянц” кәсіпкерлер одағының өкілдігі ашылды.

“Екіжақты сауда ұлғаюы мүмкін”

Қазақстан мен Армения арасындағы тиімді ынтымақтастыққа географиялық қашықтық, күрделі көлік логистикасы және соның салдарынан Қазақстан тауарлардың Ресей өнімдерімен салыстырғанда бағалық бәсекеге қабілетсіздігі кедергі келтіреді.

Алайда сарапшылар Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға жүк транзитіне Баку енгізген шектеулердің алынуына байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылғанын айтып отыр.

Қазақстан мен Армения арасындағы жалпы сауда көлемі әлі де салыстырмалы түрде төмен, 50-100 млн доллар аралығы. Егер Каспий–Грузия–Армения бағыты оңтайландырылса және Әзербайжан транзиті тұрақты түрде ашық болса, екіжақты сауда бірнеше есеге ұлғаюы мүмкін, - деді экономист Бауыржан Ысқақ.

Өзгелердің жаңалығы