Қазақстан мен Қырғыз республикасының спорт саласындағы ынтымақтастығы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовпен кездесті.
Кездесуде Ербол Мырзабосынов Қырғызстан спортшыларын Қазақстанда өтетін іс-шараларға белсене қатысып, еліміздегі нысандарда оқу-жаттығу жиындарын өткізуге шақырды.
Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары жыл басынан бері Қырғызстан аумағында 7 жарысқа қатысып, 10 оқу-жаттығу жиынын өткізген. Спортшылар жеңіл атлетика, күрес, садақ ату, дзюдо сынды спорт түрлерінен тәжірибе, дағдыларын алмасты. Бұл ретте 2023-2024 жылдар кезеңінде қырғыз спортшылары Қазақстан аумағындағы 14 іс-шарада өнер көрсеткенін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар министр 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру барысында көрсеткен көмегі үшін қырғыз ағайындарға алғыс айтты.
Қазақ пен қырғыз ежелден түп-тамыры, тарихы, тілі мен мәдениеті етене жақын халық. Екі ел арасындағы тығыз достық қарым-қатынас ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазір біз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізіп жатырмыз. Ұйымдастыру барысында көрсеткен көмек үшін ең алдымен Сізге және атсалысқан барша Қырғызстан азаматтарына ерекше алғысымды білдіремін, - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қырғызстан спортшылары спорттың барлық 21 түрінен бақ сынайды.