Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, қазір Қазақстан – халықаралық беделі биік, саяси жүйесі мығым, экономикасы орнықты дамып жатқан қуатты мемлекет. Шетелдегі саясаткерлер мен сарапшылар елімізді ірі орта мемлекет ретінде мойындап, құрмет білдіруде.
Біз БҰҰ Жарғысының негізіне айналған халықаралық құқық сақталуы қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта да осы қағидаттан айнымаймыз. Бұл – Қазақстанның нақты ұстанымы. Еліміздің Конституциясында ұлттық заңнама талаптарын ескермей, оны екінші орынға қоятын екіұшты ереже болмауы керек. Бұған жол беруге болмайды. Бұл да Тәуелсіздік пен Егемендік мәселесі. Ата Заңымызда Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар бар. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз, - деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанның экономикасы Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең үлкен экономика саналады. Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Бұл 20 миллион халқы бар ел үшін жақсы нәтиже деп айтуға болады.
Біз барлық елдермен тығыз қарым-қатынасты дамытып, теңгерімді, салиқалы, ұлт мүддесіне сай сыртқы саясатты жүргізе отырып, өз жолымызбен жүріп келеміз. Ал жаңа Конституцияны қабылдау, бұл – уақыт талабы, мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті, шұғыл міндет. Бас құжаттың жобасы Қазақстанның тұғыры берік, бағдары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді. Оның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді. Ата Заң жобасында Әділдік пен Отаншылдық, Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Адалдық қағидаттары айқын көрініс тапты. Біз бәріміз бір ұлт болып тарихи жолдың торабына жеттік, енді халқымыз келе жатқан жалпыхалықтық референдумда ел тағдырына әсер ететін таңдауын жасайды. Мен жаңа Конституцияның мән-маңызына жақын арада тағы да кеңірек тоқталамын, - деді Президент.
Бұған дейін Президент ел дамуына сүбелі үлес қосқан әйелдерді марапаттаған еді.