Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жаңа Конституцияда президентке қатысты бөлімде қандай өзгеріс болады

Бөлісу:
 Конституциялық сот
Фото: Конституциялық сот

Жаңа Конституцияның «Президент» бөлімі тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды және онда жаңа ережелер енгізілді. Бұл туралы Конституциялық комиссияның отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа бөлімде ел президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, билік органдарының Қазақстан Республикасының біртұтас халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді деген норма қарастырылған.

Республика президентіне қойылатын талаптар нақты бекітілген. Ең жоғары лауазымды тұлға ретінде Қазақстан Республикасының туғаннан азаматы болып табылатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын, жоғары білімді және мемлекеттік қызметте сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесі бар ҚР азаматы сайлана алады, - деді ол.

Сонымен қатар президентті сайлауды өткізу және ант беру мерзімдері нақты бекітілген. Сондай-ақ президенттің Құрылтай мен Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, кадрлық мәселелер және норма шығармашылық функциялары бойынша өкілеттіктері реттеледі.

Республика президентін мерзімінен бұрын лауазымнан босату негіздері мен тәртібі де конституциялық нормаларда толықтырылған. Мемлекет басшысының өз еркімен орнынан түсу құқығы нақты жазылған және бұл рәсімдер Конституциялық Сот арқылы жүзеге асады.

Спикер сондай-ақ президент өкілеттіктерінің белгіленген тәртіп бойынша конституцияда анықталған лауазымды тұлғаларға – вице-президентке, Құрылтай төрағасына немесе премьер-министрге өту рәсімдері нақтыланғанын жеткізді.

Республика президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұлға Конституциялық сотқа өтініш береді, ал сот бұл өтініштің өз еркімен және ерікті түрде берілгенін растайтын қорытынды шығарады, – деді ол.

Жаңа жобада президент лауазымынан мерзімінен бұрын босатылған, қызметінен кетірілген немесе қайтыс болған күннен бастап 7 күн ішінде Құрылтай президент сайлауын өткізу туралы жариялайды, ал сайлау екі ай ішінде өтеді деп ұсынылған.

Сонымен қатар 49-бап вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналғаны айтылды.

Өзгелердің жаңалығы