Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі Бақыт Нұрмұханов комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикердің айтуынша, жобада Қазақстанның қазіргі заңнамасы бойынша маңызды конституциялық ережелер нақты көрсетілген.
Меншік қатынастарына қатысты норма толықтырылды. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет игілігіне қызмет етуі, қоршаған ортаға зиян келтірмеуі, басқа тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтірмеуі тиіс. Сонымен қатар коммерциялық емес ұйымдардың шетелден, халықаралық және шетелдік заңды тұлғалардан, шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адамнан алған қаражаттары мен активтері туралы ақпарат заңға сәйкес ашық әрі қолжетімді болуы керек, – деді Бақыт Нұрмұханов.
Дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты да Конституция жобасында бекітілген.
Қазақстан аумағында діни ұйымдар заңға сәйкес әрекет етеді. Олардың қызметі конституциялық құрылыс негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, адам құқықтары мен бостандықтарын, халық денсаулығы мен моральдық болмысты қорғау мақсатында шектелуі мүмкін, – деп нақтылады комиссия мүшесі отырыста.
Сонымен қатар сыртқы саясат бағыттары өзектендірілген.
Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік және ынтымақтастықты сақтайды, олардың ішкі ісіне араласпайды және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешеді, – деді Бақыт Нұрмұханов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның алтыншы отырысында еліміздің жаңа Конституциясының жобасын таныстырды. Сондай-ақ, ол жаңа Конституция жобасында негізгі ұғымдар қайта айқындалғанын айтты.