Жаңа Конституция жобасы еңбек адамының құқығын күшейтіп, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер ашады – кәсіпкер

Сейітжаппар Құралбектің сөзінше, жаңа Конституция жобасында еңбек адамының мәртебесін көтеру мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты ретінде қарастырылған.

 кәсіпкердің жеке мұрағатынан 11 Наурыз 2026, 16:46
11 Наурыз 2026, 16:46
457
Фото: кәсіпкердің жеке мұрағатынан

Кәсіпкер, қоғам белсендісі Сейітжаппар Құралбек жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдіріп, құжатта еңбек құқығын қорғау, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру мәселелері кеңінен қамтылғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында еңбек адамының мәртебесін көтеру мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты ретінде қарастырылған. Бұл еңбек қатынастарындағы әділдікті қамтамасыз етуге және жұмысшылардың құқықтарын нақты қорғауға мүмкіндік береді.

Конституция – мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесінің негізі. Сондықтан онда еңбек адамының құқығын қорғау мәселесінің нақты әрі айқын көрсетілуі өте маңызды. Жаңа Конституция жобасында еңбек қатынастарына қатысты нормалардың күшейтілуі жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін арттыруға бағытталған. Бұл – тек құқықтық өзгеріс емес, қоғамдағы әділдік пен жауапкершілікті нығайтатын маңызды қадам. Өйткені ел экономикасының негізгі тірегі – еңбек адамдары, олардың құқықтары мен мүдделері әрқашан қорғалуы тиіс, – деді Сейітжаппар Құралбек.

Қоғам белсендісі құжатта кәсіпкерлерге жасалатын жағдай да назардан тыс қалмағанын айтты. Оның пікірінше, бизнесті дамытуға құқықтық кепілдіктердің берілуі экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

Кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күштерінің бірі екені даусыз. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет айтты. Сондықтан Конституцияда кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі, адал бәсекелестікті қорғау және бизнесті дамытуға қажетті құқықтық кепілдіктердің болуы өте маңызды. Жаңа Конституция жобасында осы мәселелерге баса назар аударылғанын көруге болады. Бұл кәсіпкерлерге тұрақты әрі түсінікті құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал тұрақты бизнес жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары және халықтың әл-ауқатының артуы деген сөз, – деді ол.

Сейітжаппар Құралбектің айтуынша, жаңа Конституция жобасында әлеуметтік әділеттілік қағидаттары да айқын көрініс тапқан. Бұл еңбек адамы мен кәсіпкердің мүддесін тең дәрежеде қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Бүгінде қоғамда әлеуметтік әділеттілік мәселесі өте өзекті. Сондықтан Конституцияда еңбек адамының құқығын қорғау мен кәсіпкерлікті қолдау қатар жүруі тиіс. Жаңа Конституция жобасы осы екі бағытты үйлестіре отырып, қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын қағидаттарды қалыптастырады. Бұл құжат экономиканың дамуына да, азаматтардың әлеуметтік қорғалуына да оң әсер етеді деп сенемін, – деді Сейітжаппар Құралбек.

Наверх