Қазақстанда алғаш рет азаматтардың цифрлық құқықтары конституциялық деңгейде бекітілді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл – деректерді қорғау, сенім мен цифрлық жүйенің тұрақтылығы басты орын алатын толыққанды құқықтық орта қалыптастыруға бағытталған қадам. BAQ.KZ тілшісі бұл шешімнің елге қалай әсер ететінін және қандай мүмкіндіктер ашатынын зерделеді.
Жасанды интеллект саласының сарапшысы Аршат Ораздың айтуынша, бұл шешім елдің цифрландыру бағытын ұзақ мерзімге айқындайды.
Цифрлық құқықтарды Конституцияда бекіту – жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, мемлекеттің даму бағытын анықтайтын стратегиялық қадам. Қазіргі заманда адамның өмірінің басым бөлігі цифрлық кеңістікке ауысты: мемлекеттік қызметтен бастап қарым-қатынас пен бизнеске дейін. Сондықтан осы ортада азаматтардың құқықтарын қорғау тек технологиялық мәселе емес, әлеуметтік және құқықтық қажеттілікке айналды, – деді сарапшы.
Аршат Ораздың сөзінше, цифрлық құқықтар онлайн кеңістіктегі жеке деректерді қорғаудан бастап азаматтың өз ақпаратына бақылау жасау мүмкіндігіне дейінгі негізгі кепілдіктерді қамтиды.
Ол күнделікті өмірдің терең цифрлануын ескерсек, мұндай құқықтар іс жүзінде іргелі сипатқа ие болатынын атап өтті.
Сарапшының бағалауынша, бұл өзгерістің маңызды нәтижелерінің бірі – халықаралық серіктестердің сенімінің артуы. Оның айтуынша, Конституция деңгейінде бекітілген нормалар инвесторлар мен IT-компаниялар үшін маңызды белгі болып саналады. Бұл мемлекет саясатының тұрақты екенін көрсетіп, құқықтық ортаның болжамдылығын қамтамасыз етеді.
Инвесторлар мен халықаралық IT-компаниялар үшін құқықтық ортаның тұрақтылығы шешуші фактор. Ал Конституция – соның ең жоғарғы кепілі. Соның нәтижесінде Қазақстан сенімді әрі болжамды цифрлық нарық ретінде қабылдана бастайды, – деді Аршат Ораз.
Сарапшы сондай-ақ жаңа норманың елдің өңірлік цифрлық орталық ретіндегі әлеуетін күшейтетінін айтты. Оның пікірінше, қалыптасып жатқан құқықтық база инфрақұрылым мен адами капиталдың дамуын толықтырады.
Бұл Қазақстанның Орталық Азияда және ЕАЭО кеңістігінде деректерді өңдеу мен жасанды интеллектті дамыту орталығына айналуына нақты алғышарт қалыптастырады, – деді ол.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл өзгерістің әсері ауқымды болуы мүмкін. Сарапшының айтуынша, деректермен жұмыс істеуге арналған қауіпсіз әрі ашық ортаның қалыптасуы цифрлық экономиканың негізгі салаларына тікелей ықпал етеді.
Бұл финтехтің, GovTech бағыттарының, цифрлық сервистер мен өндірістік жасанды интеллекттің дамуына тікелей әсер етеді. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, еңбек өнімділігі артады және экономика сапалы түрде өзгереді, – деді сарапшы.
Ішкі нарық үшін бұл, Аршат Ораздың айтуынша, түсінікті әрі тұрақты ережелердің қалыптасуын білдіреді.
Ол құқықтық белгісіздіктің азаюы жаңа өнімдер мен қызметтерді іске қосуға мүмкіндік беретінін, әсіресе деректерді өңдеу, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект салаларында жаңа жобаларға жол ашатынын атап өтті.
Сонымен қатар сарапшы технологиялық экспорттың әлеуетіне де тоқталды. Оның сөзінше, Конституциялық кепілдіктер қазақстандық цифрлық шешімдерді халықаралық нарыққа шығаруға негіз болады.
Бұл Қазақстанға технологияларды тек тұтынушы ел емес, оларды өндіруші әрі экспорттаушы мемлекетке айналуға мүмкіндік береді, – деді Аршат Ораз.
Жалпы алғанда, сарапшының қорытындысы бойынша, цифрлық құқықтарды бекіту технологиялық даму мен азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, елдің жаһандық цифрлық экономикадағы орнын нығайтады.