Жаңа Конституция жобасының 28-бабында тұрғын үйге қол сұғылмаушылық қағидаты нақты бекітілген. Құжатқа сәйкес, сот шешімінсіз ешкімді тұрғын үйінен айыруға немесе шығарып жіберуге жол берілмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сондай-ақ тұрғын үйге басып кіру, оны қарап-тексеру немесе тінту тек заңда белгіленген жағдайларда және қатаң құқықтық тәртіп негізінде ғана жүзеге асырылатыны көрсетілген. Бұл норма азаматтардың жеке өмірі мен баспанасының қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бапта мемлекет тарапынан азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалатыны да атап өтілген. Тұрғын үй заңда көрсетілген санаттарға жататын, баспанаға мұқтаж азаматтарға белгіленген нормаларға сәйкес беріледі.
Осылайша, 28-бап азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтіп, әлеуметтік қолдау тетіктерін нақтылай түседі.
Сондай-ақ еліміздің бас құжатының 29-бабында Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншiк құқығы бар екені көрсетілген.
Меншiкке және мұрагерлiк құқыққа заңмен кепiлдік беріледі. Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiкті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі, - делінген Конституцияның жаңа жобасында.
Қазақстан Республикасы кәсiпкерлiк қызмет бостандығы құқығына, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi немесе шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
Еске сала кетсек, 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн» деп ұсыныс айтқан болатын.