Жаңа Конституция жобасында он бір қағидаттың ішінде ерекше маңызға ие норма – жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қолданыстағы Конституцияда мұндай нақты қағидат болған жоқ. Соның салдарынан көптеген экологиялық мәселелер жүйелі шешімін таппай келді. Бұл туралы Байтақ партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Диалогта сөз сөйлеген ол енді экология уақытша науқан емес, ұлттық деңгейдегі стратегиялық бағытқа айналатынын жеткізді.
Бұл норма мемлекетке табиғи ресурстарды келер ұрпақ үшін сақтауды,азаматтардың қолайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз етуді,қоршаған ортаға зиян келтіретін әрекеттерге тосқауыл қоюды міндеттейді, - дейді ол.
Ірі компаниялар мен инвесторлар қатаң экологиялық талаптарды сақтауға міндеттеледі. Ал «Байтақ» жасылдар партиясы экологиялық мәселелерді шешуге үндейді.
"Байтақ" жасылдар партиясы осы конституциялық нормаларға сай жаңа заңнамалық өзгерістер енгізуге дайын. Әсіресе, Экологиялық кодекс аясында жерге, суға, ауаға зиян келтіріп отырған шығарындылар мен қалдықтарға төлем көлемін ұлғайтып, қосымша қаржы көздерін қалыптастыру арқылы Атырау, Құлсары, Өскемен, Теміртау, Алматы, Екібастұз, Балқаш, Жаңатас сияқты экологиялық ахуалы күрделі өңірлердің мәселесін шешуге ниетті, - деді ол.