2026 жылғы конституциялық реформа құқық жүйесінің бірқатар бағытын қайта қарады. Соның ішінде адвокатура институтының мәртебесі, тәуелсіздігі және азаматтардың заң көмегіне қол жеткізу құқығы айқындалды. Жаңа өзгерістер адвокаттың процестегі рөлін күшейте ме? BAQ.KZ тілшісі сарапшылармен талқыға салды.
Конституцияның жаңа жобасында әр азаматтың білікті заң көмегін алу құқығы нақты әрі түсінікті бекітілді. Бұл норма тек декларативті сипатта емес, оны қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті ретінде айқындалды.
Мамандардың айтуынша, бұл мемлекет кепілдік берген заң көмегінің сапасына тікелей әсер етуі тиіс. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін тегін қорғау қызметінің мазмұны мен тиімділігі күшейтілуі қажет.
Адвокаттың тәуелсіздігі күшейе ме?
Конституциялық өзгерістер адвокаттың кәсіби қызметіне заңсыз араласуға жол берілмейтінін нақтылай түсті. Сонымен қатар адвокаттық құпияны қорғау тетіктері күшейтілді.
Құқықтанушылар мұны сот төрелігіндегі тепе-теңдікті қамтамасыз етудің маңызды шарты деп бағалайды. Себебі қорғаушыға қысым көрсетілген жағдайда әділ сот туралы айту қиын.
Мемлекеттік органдар тарапынан адвокаттардың деңгейі кодексте көрсетілген теңдікті сақтай бермейді. Адвокаттың іс жүргізу кезінде басқа тұлғалар араласа бастайды, қорғаушы болып жүрген кезінде оған қарсы қылмыстық іс қозғайды. Мұндай іс-әрекеттер тәжірибеде жиі кездесіп жатады, - дейді заңгер Ақмарал Палмаханова.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияда адвокаттардың мәртебесін бекіту осындай үшінші тұлғалардың араласуы секілді мәселелерге тоқтам қоюды.
Қылмыстық процестегі рөлі
Реформа аясында қорғаушының іске қатысу мерзімі мен процессуалдық құқықтарына қатысты мәселелер де өзекті болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, адвокаттың іске ерте араласуы айыпталушының құқықтарын қорғауда шешуші рөл атқарады.
Бұл өзгерістер іс жүзінде тергеу органдары мен қорғау тарапы арасындағы теңдікті нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар бүгінде Қазақстанда жеке сот орындаушыларының жұмысына қатысты қарсы петиция жарияланды. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Абзал Құспан пікір білдірді.
Кез келген институттың кемшіліктері болады. Жеке сот орындаушылар қызметтерінде де үлкен кемшіліктер бар. Кейбір қызмет түрлерін жеке сот орындаушылардан мемлекеттік сот орындаушыларға қайтару керек шығар, - дейді Абзал Құспанов.
Сондай-ақ жеке сот орындаушылардың көптеген істерді бизнеске айналдырып алғанын айтып, комитеттің алдағы уақытта аталмыш заңнаманы қайта қарауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Осы мәселеге қатысты 2024 жылдың аяғында комитет арнайы Үкімет сағатын өткізген еді. Алдағы уақытта біздің заңнама комитетінің осы қолданыстағы заңды қайта қарау ниеті бар, - дейді депутат.