Жаңа Конституция: Алғаш рет адвокатура институты негізгі заң деңгейінде тікелей бекітіледі

Адвокатура мәртебесі қалай өзгеретінін сенатор Жанна Асанова айтып берді.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 15:45
Бүгiн 2026, 15:45
177
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жаңа Конституция жобасының 86-бабында алғаш рет адвокатура институты негізгі заң деңгейінде тікелей бекітіледі, бұл өз кезегінде формальды түзетуден гөрі құқықтық жүйенің сапалық жаңаруын білдіретін қағидаттық қадам болып табылады. Осы тұрғыда Сенат депутаты Жанна Асановамен әңгімелестік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Жанна ханым, жаңа Конституцияда адвокатураның тәуелсіздігі қалай күшейтіледі?

– Адвокатура енді тек салалық заңмен реттелетіп қоймай, адамның сот арқылы қорғалуға және білікті заң көмегін алуға деген конституциялық құқығын қамтамасыз ететін дербес жария-құқықтық институт ретінде айқындалады. Мұндай бекіту құқық үстемдігі қағидатын нақты мазмұнмен толықтыра отырып, мемлекет пен тұлға арасындағы тепе-теңдікті институционалдық деңгейде бекітеді. Жобадағы бұл норманың мақсаты – сот арқылы қорғалуға және сапалы заң көмегін алуға кепілдіктерді күшейту екені тікелей көрсетілген, демек адвокатураның мәртебесі заң деңгейінен Конституция деңгейіне көтерілуі оның тәуелсіздігін құқықтық тұрғыдан берік қамтамасыз етуге бағытталған.

– Ал адвокаттардың кәсіби қызметіне мемлекеттік органдардың ықпал етуін шектеу бойынша қандай нақты конституциялық кепілдіктер көзделген?

– Адвокатураның конституциялық деңгейде бекітілуі оның тәуелсіздігін заңға тәуелді актілер арқылы шектеуге жол берілмейтінін нақтылай отырып, мемлекеттік ықпал ету мүмкіндігін құқықтық тұрғыдан едәуір тарылтады.

 Бұл дегеніміз – адвокаттық қызметті ведомстволық бұйрықтармен немесе әкімшілік сипаттағы актілермен шектеу енді мүмкін болмайды; кез келген реттеу тек заң деңгейінде, Конституция талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс; ал Конституциялық Сот мұндай нормалардың Негізгі Заңға сәйкестігін тексеруге құқылы. Сонымен қатар, жоба халықаралық стандарттарға, оның ішінде БҰҰ (ООН)-ның адвокаттардың рөлі туралы негізгі қағидаттарына сәйкестігін атап көрсетеді, бұл адвокатураның қорғалуын ұлттық құқық шеңберінен шығарып, халықаралық құқықтық өлшеммен бекітеді. Осылайша адвокатура тәуелсіздігі екі деңгейлі: конституциялық және халықаралық құқықтық – кепілдікке ие болады.

Жаңа Конституцияда адвокаттық құпияның қорғалуы күшейе ме?

– Жобаның 86-бабында «адвокаттық құпия» ұғымы жеке бап ретінде ашып көрсетілмегенімен, адвокатураның конституциялық мәртебе алуы оның қызметінің барлық құрамдас бөліктерін, соның ішінде сенім білдірушімен қарым-қатынастың құпиялылығын, құқықтық тұрғыдан әлдеқайда берік қорғайды.

Адвокаттық құпия – ол азаматтың әділ сотқа және тиімді қорғануға деген құқығының ажырамас кепілдігі. Конституциялық деңгейде бекітілген институтқа кез келген араласу енді күрделі құқықтық сүзгіден өтетін болады, сондықтан құпиялылықтың институционалдық қорғанысы объективті түрде күшейеді және кездейсоқ немесе негізсіз ықпал ету тәуекелі айтарлықтай төмендейді.

– Ал адвокатураның өзін-өзі басқару институты қалай өзгереді?

– Жоба адвокаттық өзін-өзі басқару органдарының құрылымын түбегейлі қайта құрмайды, ол қазір де бар, алайда одан әлдеқайда маңызды өзгеріс енгізеді: адвокатура құқық қорғау тетіктерінің құрамдас бөлігі ретінде танылады.

Бұл оның құқықтық жүйедегі орнын сапалық тұрғыдан қайта айқындайды. Адвокатура енді тек кәсіби қауымдастық ретінде емес, құқықтарды қорғаудың конституциялық механизмі ретінде қарастырылады. Мұндай мәртебе өзін-өзі басқару моделінің тұрақтылығын, автономиясын және қоғамдық сенімін нығайтады, себебі оның қызметі енді тек заңмен емес, негізгі Заңмен де қорғалады.

– Жаңа Конституциядағы тың өзгерістерді түсінікті жеткізіп бергеніңіз үшін алғыс білдіремін.

Еске салсақ, жаңа Конституция адвокатураға қандай өзгеріс әкелетінін сарапшылармен талқыға салып көрдік. Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.

Наверх