Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде салық есептілігін жеңілдету бойынша қабылданған өзгерістерді таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, салық төлеушілердің көптеген декларациялар мен күрделі формаларда шатаспауын қамтамасыз ету үшін салық есептілігі формаларын қайта қарау туралы тапсырма берілген.
Нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге сәйкес салық есептілігі формалары бекітіліп, олардың саны 30%-ға қысқартылды. Бұл – 13 форманың қысқаруы. Атап айтқанда, мүлік салығы мен жер салығына қатысты, егер төленетін салық сомасы 1 миллион теңгеден аспайтын болса, ағымдағы төлемдер жойылды. Енді бұл міндеттемелер бойынша декларация жылына бір рет қана тапсырылады, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, көлік құралдарына қатысты да өзгерістер енгізілген.
Көлік салығына арналған салық есептілігі толығымен тоқтатылды. Қажетті деректерді біз жол полициясы органдарынан аламыз. Бұл – бүгінге жеке тұлғалар бойынша қолданылып отырған жүйемен бірдей тәсіл, – деді Біржанов.
Сонымен қатар салық есептілігін ұсынбағаны үшін салынатын айыппұлдар да алынып тасталды.
Енді салық есептілігін уақытында тапсырмаған жағдайда айыппұл салынбайды. Бұл норма Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте бекітілді. Егер салық төлеуші декларацияны ұмытып кетсе, ол нөлдік есептілік ретінде қабылданады. Кейін салық төлеуші өзі нақты табысты көрсетіп, түзетілген декларация тапсыруға құқылы, – деді вице-министр.