Айтымбетов Нүркен Ысқақұлы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Нүркен Айтымбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы туралы өз ойын бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биылғы Жолдаудың осыған дейінгі жолдаулардан өзгешелігі – халықтың шын мәнінде «Жаңа Қазақстанды» құру жолында мемлекет тарапынан ел болып терең әлеуметтік-экономикалық реформалар мен нақты іс-қимылдарға бағытталған бастамаларды асыға күтуі деп айтуға болады. Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ешінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыруды естен шығармау тұрақты даму кепілі болып табылатыны сөзсіз. Президент бұл жолғы өзінің Жолдауында реформалардың нақты бағыттарын анықтау үшін ең алдымен жаңа экономикалық саясатты құрудан бастауы сондықтан болар, — деді Нүркен Айтымбетов.
Сарапшы Президент Жолауында айтылған бүгінгі күні ел экономикасын дамуын тежеп отырған жүйелі проблемаларға тоқталды: шикізат өніміне тәуелділік, еңбек өнімінің төменгі деңгейі, инновациялық даму деңгейінің көңілден шықпауы, табыстың тиімсіз бөлінуі. Мемлекет басшысы Жолдауда ұлттық экономика дамуына кедергі жасайтын осы сынды бүгінгі проблемаларды шешудің мынандай нақты жолдарын ұсынды, олар: «Макроэкономикалық тұрақтылық, экономиканы диверсификациялау, цифровизация, шағын және орта бизнесті, адам капиталын дамыту, заң үстемдігін қамтамасыз ету».
Қазіргі уақытта әлемнің үздік дамыған мемлекеттерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай ұлттық экономиканы дамыту заманауи инновациялық технологияларды игеру мен белсенді ендіруді талап етеді. Қоғамдық өмірдің барлық саласын цифрландыру мен автоматтандыру салықтан түскен табыстың ашық әрі адал түрде іске асуын қамтамасыз ететіні анық. Сонымен бірге алдыңғы қатарлы озық инновациялық технологиялар жалпы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін де қажет. Бұл бірінші кезекте цифрлы өркениет заманында адам капиталының дамуымен тығызыбайланысты, — деп сөзін түйіндеді сарапшы.