Жаңа Экокодекс «жасыл» қаржыландыру саласын дамытады – Нұрахметова

2 Қаңтар 2021, 18:54
1300
Бөлісу:
Жаңа Экокодекс «жасыл» қаржыландыру саласын дамытады – Нұрахметова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» де Қазақстанның Экологиялық кодексіне ұсыныстар берген ұйымның бірі. Оның бастамасымен «Жасыл қаржыландыру», «жасыл жобалар», «таксономия» («жасыл» жобаларды жіктеудің бірыңғай жүйесі), «жасыл облигациялар» және «жасыл несиелер» ұғымдары енгізілді. АХҚО Жасыл қаржы орталығының кеңесшісі Әсел Нұрахметова осылай дейді.

Оның сөзінше, бизнесті жасыл қаржыландыру құралдарын пайдалануға ынталандыру үшін Кәсіпкерлік кодекске де түзетулер енгізілген. Ә. Нұрахметова бұл тұрғыда «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жасыл облигацияларға арналған купондық мөлшерлемені және жасыл несиелерге арналған пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі пайдаланылатынын айтып отыр.Ол несиелер мен облигациялар бойынша 50% мөлшерлемеге дейін дейін субсидиялауды көздейді.

Осылайша, жасыл жобаларды мемлекеттік қолдауды ұлғайту бойынша шаралар қабылданды. Олардың үлесі 2021 жылы 5%-ға дейін, алдағы 5 жылда 9%-ға дейін өседі деп күтілуде,- деп атап өтті Ә.Нұрахметова.

Осы механизмді толыққанды іске асыру үшін АХҚО Жасыл қаржы орталығы халықаралық стандарттар мен қағидаттар негізінде «жасыл таксономия» әдістемесін жасап шыққан.

Әрі қарай бұл классификатор Халықаралық жасыл технологиялар орталығымен бірге жетілдірілді. Атап айтқанда, Қазақстанның экологиялық және экономикалық көрсеткіштері, ерекшеліктері ескеріле отырып барлық талаптар жазылды. Енді Қазақстанда да жасыл облигациялар мен несиелерді экономикалық тұрғыдан ынталандыру үшін қолданылатын жасыл жобалар классификаторы бар деуге болады, - дейді маман.

 Қазақстанның жасыл таксономиясын әзірлеуді талқылауға АХҚО өкілдерімен қатар ҚР Үкіметінің жобалық кеңсесі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ Энергетика, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері, ҚР Ұлттық Банкі, Нұр-Сұлтан қаласыныңәкімдігі, халықаралық қаржы институттары, үкіметтік емес, ғылыми-зерттеу және қаржы қауымдастығы қатыстқан.

Ал бұған дейін АХҚО Биржасы жасыл жобалардың категорияларын анықтайтын Жасыл облигацияларды шығару ережелерін қабылдаған еді. Бұл категориялау Climate Bonds Initiative стандартына сәйкес жасыл облигациялардың халықаралық қағидаттарына және Климаттық облигациялардың таксономиясына негізделген.

Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті еліміздің жаңа Экологиялық кодексіне қол қойды. Құжатты Экология министрлігі өзге де ведомстволармен және ұйымдармен, сарапшылар қауымдастығымен, қоғам өкілдерімен бірлесіп әзірледі. Кодекске қоршаған ортаны қорғауға қатысты қабылданған өзгерістердің ішінде «ластаушы төлейді» қағидатының енгізілуін, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу шартымен бірінші санаттағы нысандар кешенді экологиялық рұқсаттарға көшетінін, жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін кешенді экологиялық рұқсат алу міндеттелетінін ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ құжатта заңсыз қалдық алаңдарын болдырмас үшін қоқыс шығарушы көліктерге GPS-датчиктерге орнату мәселесі де қаралған.

Өзгелердің жаңалығы