Жаңа білім бағдарламасы халықпен кеңінен талқылануы тиіс – президент

16 Тамыз 2019, 15:37
2277
Бөлісу:
Жаңа білім бағдарламасы халықпен кеңінен талқылануы тиіс – президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік сарайында білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтті. Конференцияның пленарлық отырысына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзі бар. Осыған орай, барлық мақсат-міндеттер Үкімет әзірлеп жатқан «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» толық қамтылуы тиіс. Бұл бағдарламаның жобасын халықпен кеңесіп, кеңінен талқылау қажет. Бұған қажеттінің бәрі жеткілікті. Баршаңызға жаңа оқу жылында табыс тілеймін», - деп түйіндеді өз сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент баяндамасынан кейін еліміздің білім беру саласын дамытуға айрықша үлес қосқан мектеп мұғалімдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. 

Бұған дейін Қазақстан басшысы ұстаздардың жалақысын екі есе өсіруді және ауыл мектептеріне үздік менеджерлер мен педагог мамандарды тартуды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларда мұғалімдердің нақты қажеттіліктері есепке алынбай қалатынын, білім сапасын арттырмай, гранттар санын көбейту жақсылыққа әкелмейтінін айтты. Қазақстан президенті тәрбиешілердің жұмысын да сынға алды. 

Атап өтсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген дәстүрлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз қатысты. Олардың қатарында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.

Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылды. Шара соңында балалардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды. 

Еске салсақ, Тамыз конференциясы жыл сайын дәстүрлі түрде жаңа оқу жылының қарсаңында өтеді.
Өзгелердің жаңалығы