Елордада "Әділетті Қазақстанның Конституциясы" тақырыбындағы сарапшылық кездесу өтті. Онда Ата заң жобасының мәні жан-жақты сараланды. Басқосу барысында халықаралық жағдайдың өзгеруі, Қазақстанның геосаяси орны, мемлекеттілік тұғырлары, егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, отбасы институты, билік транзитінің нақты бекітілуі және адам құқықтарының күшейтілуі секілді мәселелер сөз болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Әлем тектоникалық өзгерістерді бастан кешіріп жатыр"
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Конституциялық реформаны бағалау үшін алдымен сыртқы жағдайға қарау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан дәл қазір саяси тарихындағы жаңа сапалы кезеңге шықты.
Қазір Қазақстан өзінің саяси тарихындағы маңызды сапалы кезеңмен бетпе-бет келіп отыр. Ең бірінші, Қазақстандағы Конституциялық реформаға баға беру үшін біз халықаралық жағдайға көз тігуіміз керек. Міне, 10 жыл болды, дүние жүзі тектоникалық көптеген өзгерісті басынан кешіріп жатыр, – деді Ерлан Саиров.
Ол 2010 жылдан кейін әлемдегі халықаралық құқықтың әлсіреп, процестердің «коррозияға ұшырағанын» атап өтті.
Егер 2010 жылға дейін дүние жүзінде халықаралық құқық, сонымен бірге мемлекеттердің тәуелсіздігі тезистері ең бірінші рөлде болса, 2010 жылдан кейін халықаралық құқық процестері коррозияға ұшырады. Оны қазір барлығымыз көріп отырмыз, – деді ол.
Саиров Қазақстанның геосаяси орны ерекше күрделі екенін айтып, көрші екі алып мемлекетпен байланыс жақсы болғанымен, әлемде түрлі ықпал күшейген кезеңде реформаның мәні арта түсетінін жеткізді.
Қазақстанның геоаяси жағдайы өте күрделі. Біздің екі жағымызда екі алып мемлекет бар. Олармен қарым-қатынасымыз, дипломатиялық, сауда байланысымыз жақсы. Сондай-ақ батыстың псевдолибералдық түрлі әрекеттері тек қана Азия мемлекеттеріне емес, бүкіл дүние жүзін мезі қылды, – деді Ерлан Саиров.
Осы жағдайда елдің жаңа Конституция қабылдауға бет бұруын заңды шешім деп бағалап, құжаттағы мемлекеттілік тұжырымын ерекше атады.
Міне, осындай күрделі заманда ҚР өзінің жаңа Конституциясын қабылдауға бел буып отыр. Ол не үшін қажет? Ең бірінші Конституцияда біріншіден, "Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекеттік құрды" деген үлкен бір мән бар, – деді ол.
Саиров бұл тұжырым Қазақстанның тарихи сабақтастығын тереңдететінін айтты.
Бұл жерде біздің ел буын түркі, Алтын Орда саяси мәдениетінің мирасқоры деген тұжырым жатыр. Бұл мәселе қазақ халқының саяси тарихын мыңдаған жылға тереңдетеді, – деді спикер.
Сондай-ақ ол Конституцияның 1-бабындағы егемендік пен тәуелсіздікті қорғауға қатысты норманы жаңа құқықтық новелла ретінде бағалады.
Сонымен бірге бұл Конституцияның 1-бабында "Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі мызғымайды және Мемлекеттің негізгі қағидаттары тәуелсіздік пен егемендіктің қорғау" деп жазылған. Ол да Конституциялық құқықтағы жаңа новелла, – деді Ерлан Саиров.
Отбасы институты туралы норманы да бөлек атап, оның қоғамға дәстүрлі емес тенденцияларға жауап екенін жеткізді.
Қазақстанның жаңа Конституциясында "Неке дегеніміз – әйел мен еркектің арасындағы еркін одақ" деп жазылған. Бұл жаһандық тенденцияға байланысты халқымызға, мемлекетімізге жан-жақтан келіп жатқан әртүрлі дәстүрлі емес тенденцияларға нақты жауап, – деді ол.
Ең бастысы – биліктің ауысуы мен транзит мәселесі екенін айтып, Президентке қатысты бір мерзім нормасының сақталғанын баса айтты.
Конституцияның ішіндегі ең негізгі мәселе – ол биліктің алмасуы. Президент Тоқаев осының алдындағы Конституцияда өзінің жеке шешімімен “ҚР Президенті бір мерзімге сайланады және ол бір мерзімнен артық сайлануға құқы жоқ” деген концепті кіргізген, – деді Саиров.
Бұл норманы өзгерту тек референдум арқылы мүмкін екенін атап өтті.
Міне, осы концепт қазір қалып отыр және осы бапты өзгерту үшін Қазақстанда міндетті түрде референдум өтуі керек. Яғни бұл бап ешқашан мызғымайтын болады, – деді Ерлан Саиров.
"Мемлекеттілік пен саяси режим – екі бөлек ұғым"
Саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым Конституция жобасы шыққалы бері қоғамда пікірталас күшейгенін оң бағалады. Алайда талқылаулардың өзінде басты ұғымдарды шатастыру барын айтты.
Жаңа Конституциялық нобайды жариялағаннан кейін халық арасында пікірталас қызу жүріп жатыр. Бұл да жақсы. Бірақ дискуссияны саралайтын болсақ, көбінің екі маңызды ұғымды ажырата алмай немесе шатастырып жүргенін аңғаруға болады, – деді ол.
Оның айтуынша, негізгі шатасатын тұс – мемлекеттілік пен саяси режим.
Біріншісі – мемлекеттілік және саяси режим. Яғни Конституцияның мемлекеттілікке қатысты тұстары көбіне саяси режим тұрғысынан сынға алып жатыр. Бұл дұрыс емес, – деді Риззат Тасым.
Ол Конституция кез келген дағдарысқа бейімделетін, болашақ қадамды айқындайтын негізгі саяси құжат екенін атап өтті.
Конституция дегеніміз Ата Заң болғаннан кейін – басты саяси құжат. Бұл кез келген дағдарыстық жағдайға лайықталған норма болу керек. Болашақтағы қадамымызды, бағытымызды анықтайтын нормаларды көрсетуіміз қажет, – деді ол.
Тасымның айтуынша, мемлекеттілік тұрғысынан жобада маңызды критерийлер көрініс тапқан. Әсіресе билік транзитіне қатысты екіұшты нормалар азайған.
Ал саяси режим емес, мемлекеттілік тұрғысынан алсақ, маңызды критерийлер нақты көрсетілген. Әсіресе биліктің транзитінің ауысуына қатысты айтылған. Бұған дейін екіұшты нормалар болғанын білеміз. 2019 жылы биліктің транзиті орын алған кезде де мұны аңғардық, – деді сарапшы.
Ол қазіргі Конституцияда адам құқықтарына қатысты және сайланбалы тұлғаларға қатысты нормалардың толық жазылмағанын әлсіз тұс ретінде атады.
Екіншіден, адам құқықтарына қатысты нормалар немесе кез келген сайланбалы саяси тұлғаларға қатысты нормалардың толық көрсетілмеуі орын алды. Міне, ондай жағдай туындаған кезде бұл қазіргі таңдағы Конституцияның әлсіз тұстары, – деді Риззат Тасым.
Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасында мұндай мәселелер ескерілгенін жеткізді.
Жаңа Конституцияға қарасақ, бұл нормалардың барлығы ескерілген және болашақта мұндай жағдай туындағанда не болатыны айқындала түсті, – деді спикер.
Сонымен бірге ол Конституция жобасында талқыны қажет ететін нормалар да бар екенін атап өтті.
Жаңа Конституция деп біздің саяси тәжірибеміздегі мықты критерийлерді ұмытпауымыз керек. Мысалы, қазіргі таңда егер Президент ұсынатын кандидаттардан құрылтай екі рет бас тартса, Президенттің құрылтайды таратуға құқығы бар, – деді сарапшы.
Ол 1990-жылдары мұндай жағдайда екі тарап та қайта сайлауға түсу керек деген қағидат болғанын еске салды.
1990-жылдардың басындағы нормаларда мұндай жағдай орын алса, екеуі де қайта сайлауға түсуі керек деген қағидат болған еді. Сондықтан бұл жерде талқыға түсетін біраз тұстары бар, – деді Риззат Тасым.
"Реформаның салмағы адамға не беретінімен өлшенуі керек"
Кездесуде Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова реформаның маңызын ең алдымен адам тағдырымен байланыстыру қажет екенін айтты.
Маған ең әуелі әңгімені ең негізгі тұстан бастау маңызды: бұл реформа адамға не береді, халқымызға не береді? Менің ойымша, бүкіл реформаның идеялық салмағы да дәл осы өлшемге, осы сұраққа сүйенуі керек, – деді депутат.
Ол социал-демократ ретінде, Конституцияда адам құқықтарының нақты қорғалуы бірінші орында тұруы тиіс екенін жеткізді.
Жеке өзім үшін, социал-демократ ретінде, ең алдымен осы Конституцияда адам құқықтарының толық сақталуы және нақты қорғалуы аса маңызды, – деді Ажар Сағандықова.
Депутаттың айтуынша, жаңа мәтінде мемлекетті орталыққа қойған жүйеден адамның мәнін алға шығаруға қарай түбегейлі бетбұрыс бар.
Біз жаңа Негізгі заң мәтінінің жобасында мемлекетті орталыққа қойған жүйеден адамды оның мәні ретінде алға шығаруға бағытталған түбегейлі бетбұрыс жасалғанын көріп отырмыз. Бұл жай ғана әдемі сөз емес. Бұл өзгеріс құжаттың өз құрылымына сіңген, – деді ол.
Сағандықованың сөзіне қарағанда, құжаттың құрылымына сіңген бұл өзгеріс преамбуладан бастап көптеген бөлімнің қайта қаралуынан көрінеді.
Ол преамбуладан бастап, көптеген бөлімнің қайта қаралуынан, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуден анық байқалады, – деді Мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар спикер жобада нақты қандай тетіктер күшейтілетінін де тізіп өтті.
Заңның үстемдігін әлсірететін тетіктердің жолын кесу, адамның мемлекетпен алғашқы байланысқа түсуіндегі рәсімдік тәртіпті (процессуалдық қағидаларды) нақтылау, жеке өмірге қол сұқпауды және кәсіби деректерді қорғауды күшейту, оның ішінде цифрлық ортадағы жағдайды да қамту көзделген, – деді депутат.
Осы тұста Конституцияның мазмұны қағаз жүзінде қалмай, нақты қорғаныш құралына айналуға тиіс деген ұстанымын ашық айтты.
Бұл дегеніміз – Конституция біртіндеп жай декларация болудан қалып, қорғаныш құралына айналып келеді, – деді Сағандықова.
Ол бұл бағытты партиясы да қолдайтынын атап өтті.
Қағаз жүзіндегі нормадан адамның нақты қорғалуына қарай бет бұруды біздің жалпыұлттық әлеуметтік-экологиялық партиямыз да дәйекті түрде қолдайды, – деді депутат.
Сонымен бірге ол Конституциялық комиссияның құрамын қоғамның шынайы көрінісі ретінде бағалады.
Біз үшін маңызды тағы бір жайт – Конституциялық комиссияның құрамы, атап айтқанда, қоғамның шынайы көрінісі болуы, – деді Ажар Сағандықова.
Ол комиссия құрамының кең қамтылғанын айтып, құжат тар шеңберде емес, ашық диалогта дайындалғанына назар аударды.
Комиссия құрамына Парламенттегі барлық партиялардың өкілдері, өңірлер, сарапшылар қауымдастығы, қоғамдық бірлестіктер, кәсіби заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар кірді, яғни құрамы барынша әртүрлі әрі теңгерімді болды, – деді депутат.
Ол комиссия жұмысының ашық өткенін де ерекше атап өтті.
Отырыстардың тікелей трансляциясы, көпшілік талқылаулар, комиссия мүшелерінің медиада белсенді қатысуы – мұның бәрі қоғамға олардың жұмысын көзбен көріп, шынайы бақылауға мүмкіндік берді, – деді Сағандықова.
"Ешкімді назардан тыс қалдырмау – Конституцияның да, орнықты дамудың да өзегі"
Экономикалық зерттеулер институтының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Хамбар Конституция тақырыбының қоғамға толық түсіндірілмей жатқанын айтты.
Жалпы, Конституция дегеніміз күнде естіп жүргенімізбен оны қабылдап жатқан кезде маған мынадай ой келді. Қарапайым әрбір адам Конституция дегеннің не екенін түсіне бермейді, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл түсініспеушілік Конституция талқылауы құрылтаймен байланысып кеткеннен кейін күшейген.
Себебі Конституция дегеннің өзі талқылаудың басталуы құрылтаймен байланысып, халық арасында көп адамдар құрылтайдың талқылануы жүріп жатқандай сезінуде, – деді Бақытгүл Хамбар.
Осы ретте ол Конституцияның негізгі мәнін айқындап берді.
Сондықтан ең негізгісі біздің негізгі заңымыз – Конституция қоғамның, мемлекеттің негізгі заңы. Әлеуметтік, экономикалық және рухани дамуының негізін қалайтын негізгі заң, – деді ол.
Спикер орнықты даму қағидатына сүйену керек екенін айтып, бұл ұстаным кез келген мемлекеттің түпқазығын бекітетін принцип екенін жеткізді.
Тұрақты дамудың негізгі қағидасын ескеруіміз керек. Тұрақты даму деген орнықты даму десек, бұл негізгі 2030 жылға дейін қалыптасқан қарар болғанымен, кез келген мемлекеттің түпқазығының орнықты болуының негізін қалайтын қағидат деп айтар едім, – деді директор.
Хамбар орнықты дамудың өзегін нақтылап айтты.
Ал негізін қалайтын қағидат деген – ешкімді назардан тыс қалдырмау, – деді ол.
Ол жұмыс тобына үлкен үміт артатынын айтып, осы қағида толық жүзеге асса, қоғам тиімді құқықтық негіздің қалыптасуына куә болатынын жеткізді.
Демек, біз бүгінгі күнгі жұмыс істеп жатқан жұмыс тобына артатын үмітіміз зор. Ешкімді назардан тыс қалдырмау қағидасы жүзеге асырылса, онда біз өте тиімді заңдық негіз қалыптасқанына куә боламыз. Сол күнге жетеміз деп ойлаймын, – деді Бақытгүл Хамбар.
Конституциялық реформа мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, егемендік пен тәуелсіздікті қорғауды нақты қағидаға айналдырумен қатар, биліктің алмасуын айқын әрі мызғымас тетік арқылы бекітуді көздейді. Сонымен бірге жаңа Ата заң жобасы адамды жүйенің өзегіне шығарып, құқық пен бостандық кепілдіктерін күшейту, жеке өмір мен кәсіби деректерді қорғау арқылы Конституцияны декларация емес, нақты қорғаныш құралына айналдыруға бағытталған.