Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жаңа әлемдік формат: Трамп құрған "Бейбітшілік кеңесіне" Қазақстан не үшін қосылды?

Жансая ҚАМБАР
Бүгiн, 11:50
190
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қаңтар айында АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа халықаралық формат – “Бейбітшілік кеңесі” құрылатынын мәлімдеді. Бұл бастама саясаткерлер мен сарапшылар арасында қызу пікірталас туғызды. Бастапқыда Газа секторындағы қақтығысты реттеуге арналған алаң ретінде ойластырылған бұл жоба біртіндеп ауқымы кең халықаралық құрылымның сипатын ала бастады. Бірқатар сарапшылар оны тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымына балама болуы мүмкін ұйым ретінде қарастырып жатыр. Кеңеске қосылуға келіскен елдердің қатарында Қазақстан да бар. Жаңа ұйымның құрылуы нені білдіреді және ол Астана үшін қандай мүмкіндіктер мен тәуекелдер әкелуі мүмкін? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі шолуынан оқи аласыз.

“Бейбітшілік кеңесі” деген не және оның міндеттері қандай?

16 қаңтарда Дональд Трамп “Бейбітшілік кеңесінің” құрылғанын мәлімдеп, Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Давоста оның құрылтай хартиясына қол қойды. Бұған дейін, 2025 жылдың қараша айында, БҰҰ халықаралық құқық пен кешенді бейбітшілік жоспарына сәйкес, Газа секторын қалпына келтіруді қаржыландыруды үйлестіруге тиіс уақытша халықаралық орган тұжырымдамасын мақұлдаған болатын. Алайда қазіргі нұсқада Трамптың бастамасы бастапқы шеңберден шығып, дербес халықаралық тетікке айналуы мүмкін.

Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ президенті жаңа құрылымды “бұған дейін құрылған ең ұлы әрі ең ықпалды кеңес” деп атады. Сонымен қатар Ақ үй ондаған мемлекеттің басшыларына ресми шақырту жолдаған.

Хартияға сәйкес, “Бейбітшілік кеңесі” қақтығыстардан зардап шеккен өңірлерде тұрақтылықты нығайтуға, заңды басқару жүйесін қалпына келтіруге және ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық ұйым ретінде сипатталады. Құжатта Газа туралы тікелей айтылмауы, Financial Times сарапшыларының пікірінше, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жеткілікті тиімділік көрсете алмай отырған жағдайда әрекет ете алатын неғұрлым икемді әрі пәрменді орган құруға ұмтылысты білдіреді.

Financial Times басылымы хартияда Газаның аталмауы жаһандық дағдарыстарды басқаруға арналған кең ауқымды тетік құру мақсатын аңғартатынын атап өтеді:

Бейбітшілік кеңесі АҚШ-тың параллель дипломатиясының құралына айналып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шектеулерін айналып өтуге мүмкіндік беруі мүмкін, – деп жазады Financial Times.

Кеңестің жұмыс істеу қағидаттары

“Бейбітшілік кеңесінің” хартиясында бірқатар негізгі ережелер бекітілген. Ұйымға кеңес төрағасы – Дональд Трамптың шақыруын алған мемлекеттер ғана мүше бола алады. Әр ел кеңесте мемлекет басшысы немесе төрағамен келісілген өзге де жоғары лауазымды тұлға деңгейінде ұсынылады.

Кеңес мүше мемлекеттердің аумағында юрисдикцияға ие емес және олардың келісімінсіз бітімгершілік операцияларын жүргізе алмайды. Мүшелік үш жыл мерзімге беріледі, алайда алғашқы жылы 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жарна төлеген елдерге бұл шектеу қолданылмайды. Әр мемлекет бір дауысқа ие, шешімдер көпшілік дауыспен қабылданады, бірақ олар тек төраға мақұлдағаннан кейін ғана күшіне енеді. Ақордада Қазақстанның кеңеске ешқандай қаржылық жарнасыз кіргені ерекше атап өтілген. Бұл ұйым жарғысының талаптарына толық сәйкес келеді.

Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарна төлемей кірді, бұл жарғы ережелеріне толық сай келеді, – делінген хабарламада.

Кеңесті қаржыландыру мемлекеттердің, ұйымдардың және өзге де көздердің ерікті жарналары есебінен жүзеге асырылады. Хартия үш мемлекет ресми түрде шақыруды қабылдағаннан кейін күшіне енеді.

Кеңестің мақсаты қандай?

Хартияға сәйкес, “Бейбітшілік кеңесі” мынадай мақсаттарды көздейді:

  • қақтығыстардан зардап шеккен өңірлердегі тұрақтылықты қамтамасыз ету;
  • мемлекеттік институттарды қалпына келтіруді қолдау;
  • ұзақмерзімді бейбітшілікке ықпал ету;
  • дағдарыс аймақтарындағы халықаралық күш-жігерді үйлестіру.

The New York Times америкалық басылымы бұл бастаманы “негізгі шешімдер консенсус негізінде емес, саяси және қаржылық адалдық қағидатына сүйене отырып қабылданатын элиталық дипломатиялық клуб құруға жасалған талпыныс” деп сипаттайды.

Қатысушылар құрамы мен географиясы

Кеңес төрағасы болып Дональд Трамптың өзі тағайындалды. Атқарушы комитет құрамына АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкіл Стив Уиткофф, Джаред Кушнер, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр, кәсіпкер Марк Роуэн, Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга және АҚШ-тың бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктері енді.

БАҚ мәліметінше, кеңеске қатысуға 58 мемлекеттің көшбасшысына шақырту жіберілген. Қазіргі таңда кемінде 17 ел, оның ішінде Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Израиль, БАӘ, Мысыр, Пәкістан және Өзбекстан қатысуға келісім берген. Ал Франция, Швеция және Норвегия секілді бірқатар еуропалық мемлекеттер бұл бастамаға сақтықпен қарап, оның БҰҰ-ның институционалдық негіздеріне нұқсан келтіруі мүмкін екенін алға тартты.

Қазақстанға кеңеске қатысу не береді?

Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, “Бейбітшілік кеңесі” классикалық халықаралық ұйым емес, жоғары деңгейдегі дипломатиялық тетік. Ол бұл бастама Трамптың ірі көпжақты институттарды айналып өтіп, негізгі ойыншылармен жедел келісімдерге келуге бағытталған прагматикалық әрі реалистік ұстанымын көрсететінін айтты.

Chatham House аналитигі Эндрю Даунс та осыған ұқсас көзқарасты ұстанады.

Қазақстан секілді орта державалар үшін мұндай форматтарға қатысу ықпал етудің жаңа арналарына жол ашады. Алайда ірі державалардың геосаяси ойындарына тартылып кетпеу үшін сақтық қажет, - дейді ол.

Қазақстан үшін кеңеске қатысу қосымша дипломатиялық мүмкіндіктер береді. Қазақстанның бейтарап делдал ретіндегі беделін нығайтады, жоғары деңгейдегі келіссөздерге тартады және орта держава ретіндегі сыртқы саяси ықпалын кеңейтеді. Сонымен бірге, сарапшы механизмнің бейресми әрі белгілі бір деңгейде күшке негізделген сипаты кей жағдайларда елді неғұрлым қуатты ойыншылардың мүддесін ескеруге мәжбүрлеуі мүмкін екенін атап өтеді.

Осылайша, Дональд Трамп бастамашы болған “Бейбітшілік кеңесі” – екіұшты, бірақ әлеуеті бар халықаралық жоба. Қазақстан үшін бұл – дипломатиялық қатысуын күшейтіп, өзін жаһандық үдерістерге жауапты қатысушы ретінде танытуға мүмкіндік. Алайда мұндай форматтағы тиімділік нақты әрі байыпты стратегияға және жетекші әлемдік державалардың күрделі мүдделер теңгерімін ескере білуге тікелей байланысты болмақ.

Еске салайық, 22 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Бейбітшілік кеңесінің” хартиясына қол қойып, елдің жаңа халықаралық форматқа ресми қатысуын бекітті.

Ал америкалық саясаттанушы Иэн Бреммер Time басылымына берген пікірінде мұндай құрылымдардың белгілі бір жағдайда тиімді болатынын атап өтті.

Мұндай құрылымдар дағдарыс кезеңінде тиімді болуы мүмкін, алайда олар әмбебап қағидалардан гөрі күш пен ықпал басым түсетін жүйені қалыптастырады, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы