Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл жастарға «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында жеңілдетілген тұрғын үй несиелері берілмек.
Аймақтағы әкімдіктің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, мемлекеттік жастар саясатын дамытуға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы жергілікті мәслихаттың 2020 жылғы шешімімен бекітілген. Бұл құжаттың іс-шаралар жоспары 11 бөлімнен, 94 тармақтан тұрады. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін бес жылға 1,3 миллиард теңге қарастырылыпты.
Өткен жылы аталған бағдарламаның іске асырылуына талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде Тараз қаласы мен аудандарда нақты кемшіліктер анықталды. Атап айтсам, облыс орталығы мен аудандар әкімдіктерінің салалық бөлімдері тапсырмаларды уақытылы орындамаған. Біздің тарапымыздан ұсыныстар берілген соң, олқылықтар жойылды. Ал бағдарламадағы 94 тармақтың 80-і орындалды, қалғандары ұзақ мерзімді перспективаға жоспарланған, - деп түсіндірді Серікбол Қайратұлы.
Ағымдағы жылдың шілде айында бағдарлама аясында жамбылдық жастарды жеңілдікпен несиелендіру жобасы жалғасын таппақ. Бұл оларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге септесетіні сөзсіз. Сонымен қатар жас отбасыларды қолдау үдерісін жеделдетеді.
Бағдарламаның негізіне өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы табысты пилоттық бағдарламалар сарапқа салынды. Әйтпесе, Әулиеата аймағында бүгінге дейін жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында арнайы бағдарлама болған жоқ еді, - деп атап өтті Серікбол Берікқожа.
Жалпы, өңірде тұрғын үй кезегінде – 7 140, жер кезегінде 10 787 жас тұр екен. Өткен жылы 318 жас ипотекамен баспанаға қол жеткізді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылы 395 болған. Жоба аясында несиенің ең жоғарғы сомасы – 13 миллион теңге, 19 жыл мерзімге, жылдық 5 пайызбен беріледі. Бастапқы жарнасы да 5 пайыз мөлшерінде. Бұған Жамбыл облысында тұратын 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады, негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптылардың бірі тіркелуі қажет.
Жауапты маман бағдарламаға басқа ипотекалық бағдарламаларға қатыспаған, төлем қабілеті жеткілікті жастар қабылданатынын айтты. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлері тізімге алынбайды.