Жамбылдық тұтынушылар бөлшек саудада жиі ұтылады

13 Ақпан 2022, 12:01
2143
Бөлісу:
Жамбылдық тұтынушылар бөлшек саудада жиі ұтылады

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы құзырлы мекемеге жамбылдық жеке және заңды тұлғалардан тұтынушылардың құқыларын қорғау бағытында 788 өтініш түскен.

Бұл туралы Жамбыл облысы тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Байқадам Дүйсенбаев айтып берді. Оның мәліметінше, жоғарыдағы өтініш-шағымдардың сипаттары әр саланы қамтиды. Мәселен, бөлшек саудаға қатысты 483 өтініш түссе, тұрмыстық қызметтерді көрсету бағытында – 117 өтініш, коммуналды-тұрғын үй, шаруашылық қызметіне байланысты 53 өтініш қаралған. Өтініштердің 65-і қаржы қызметін, 25 электронды сауданы, 18-і көлік, 10-ы байланыс, 8-і медицина, 5-еуі қоғамдық тамақтану салаларын қамтиды. Туристтік, білім салаларына қатысты 2 өтініштен зерделенген.

«Бұл көрсеткіштерден біз Жамбыл облысы аумағында азаматтардың құқылары көбінесе бөлшектік сауда жасағанда көбірек бұзылатынын аңғардық. Оның үлесі 61,3 %-дан асып жығылды. Мұның ішінде тауардың сапасыздығына байланысты айырбастаудан және қайтарып беруден бас тарту жайындағы өтініштердің үлесі 30 %-ға жуықтайды. Күнтізбедегі 14 күннің ішінде сапалы тауарды беруден бас тарту жайындағы өтініштердің де көрсеткіші 28,6 %-ды құрады», - деп толықтырды Байқадам Еркінбекұлы.

Ол аймақтағы кәсіпкерлердің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңды біле бермейтіндігін, сондықтан оны жиі бұзатынын атап өтті. Оның пайымынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен шектелу жеткіліксіз. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге енгізілген мараторий да шара қолдануға кедергі болып жатыр. Сондықтан да 2020 жылмен салыстырғанда, өтініштердің жалпы саны өткен жылы 2,6 есеге бір-ақ артқан.

«Біздің департаменттің мамандары тұтынушылардың 531 өтінішін қанағаттандырды. Бұл барлық өтініштердің 67,4 %-ын құрайды. Нәтижесінде, шағымданған тұрғындарға 19 млн теңгеге жуық қаражат қайтадан берілді. 70 тұтынушының сапасыз тауарлары айырбасталды және 228 азаматқа түсінідірме жұмыстары жүргізілді. Өтініштердің негізінде жоспарсыз 11 тексеріс жасадық. Кәсіпкерлік нысандарына бұдан кейін бұзушылықтарды болдырмау жайында нұсқама берілді, ескерту, айыппұл сияқты әкімшілік жазаларды да қолдандық. Негізінен бұзушылықтар ретінде кәсіпкерлердің тұтынушылард жазған шағымдарға жауап бермеуін, сапасыз тауарды айырбастаудан және қайтарудан бас тартуын айтуға болады», - деді департамент басшысы.

Ол былтыр жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп тұтынушылардың құқықтарын қорғау маселелері бойынша дөңгелек үстел отырыс өткенін еске салды. Онда тұрғындардың мемлекеттік органдарға қатысты проблемалық сұрақтары, осы бағыттағы өзге де мәселелерді шешу жолдары қаралған. Сонымен қатар консультативтік кеңес ұйымдастырылып, онда да көпшіліктің түрлі бағыттағы сауалдарына мамандар тарапынан жауаптар беріліпті.

«Мемлекеттік органдармен бірлесіп тұтынушылардың құқықтары бойынша бұзушылқтарды жою туралы жұмыс жоспары бекітілген. Сондай-ақ Жамбыл облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасымен интернет-сауда саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі меморандумға қол койдық. Кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын және тұрғындардың тұтынушылық сауаттылығын арттыру шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Өңірдегі қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп «Мараторий кезінде қоғамдық бақылауды дамыту» тақырыбында, полиция, мемлекеттік кірістер департаменттерімен бірлесіп «Жаңа әдіспен жұмыс жасау» тақырыбында және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп «Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі» тақырыбында басқосулар өткіздік. Осы секілді өзге де жиындардың нәтижесі де айтарлықтай болды», - деді Байқадам Дүйсенбаев.

Оның айтуынша, департамент қызметкерлері аптасына екі рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағаларын «Dеrek Hap» ресми сайтына тұрақты түрде жариялап тұрады. Тағы да айта кетерлігі, Жамбыл облысының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен, аймақта әрекет ететін «Ғасыр сапасы», «Агрессивті культтерді зерттеу» және «Азаматтық құқықтарды қорғау комитеті» қоғамдық бірлестіктермен өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Олар департамент ұйымдастырған әрбір іс-шараға белсене атсалысады. Өз беттерінше аудандардың тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

«Тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасында пайда болған дауларды жедел шешу мақсатында қоғамдық бірлестіктер Тараз қаласының ірі базарларына өкілдерін орналастырған. Бұл да өз кезегінде тұрғындарға пайдасын тигізетіні сөзсіз», - деді Байқадам Еркінбекұлы.

 

Өзгелердің жаңалығы