Жамбылдық шаруалар әр гектардан 70 тонна пияз алып жатыр

16 Тамыз 2022, 20:12
1063
Бөлісу:
Жамбылдық шаруалар әр гектардан 70 тонна пияз  алып жатыр

Жамбыл облысы Жамбыл ауданының шаруалары алғашқылардың бірі болып пияз жинау науқанына кірісіп кетті. Пияздың ерекше сұрпын еккен  диқандар қазір әр гектардан 70 тонна алуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жалпы,  аудан бойынша биыл 5585 гектарға пияз егілген болса, соның 30 гектары ерте піседі. Бүгінде 8 гектар алқапта жиын-терін аяқталды.  Пияз егіп нан пұлын айырып жүргендердің бірі шайқорықтық Дәурен Абдешов. Ол 4 гектар жерге пияздың жаңа сұрпын өсірген.

 Пияз ылғалды қажет ететін дақыл. Сондықтан оны ерте көктемде егеді. Қарапайым сұрып 120 күннен кейін өнім беріп жатса, біз «Спэниш медальон», «Универса», «Манас», «Месс», «Қаратал», «Берекет» сынды тұқымдарын егіп көрдік. Өнімділігіне сөз жоқ. Қазір гектарына 70 тоннадан өнім алудамыз. Тағы бір таңдай қағатыны, аталған тұқым 90 күнде  пісіп жетіледі. Оған қоса суды да көп қажет етпеді, – дейді шаруа. 

Негізі Жамбылда ағын су мәселесі байырғдан өзекті екені белгілі. Осыған орай судың техникалық шығынын азайту мақсатында каналдарды бетондау, апатты жағдайдағы су қоймаларын жаңғырту жұмыстары жыл санап қарқын алған. Одан бөлек, жамбылдықтар жерасты суын тиімді пайдалануға да ерекше көңіл бөледі.

Осылайша, жамбылдықтар ауқымды шаруаны қолға алып, көпке үлгі көрсетіп жатыр. Пияздың тың сұрпын егіп, елден ерте өнім алып ғана қоймай, қожалықтарға ауадай қажетті ағын су мәселесі шешілген. Шаруаларға деген мұндай қолдау қамбаны астықпен қампайтып ғана қоймай, өлке экономикасын өрістететіні даусыз.

Өзгелердің жаңалығы