Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жаппай тәртіпсіздік барысында ұрланған қарудың орналасқан жерін анықтау бойынша күн сайын іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері облыс орталығының аумағында 4 қару, 2 граната, патрон, электрошокер, штык-пышақ тауып, тәркіледі.
Табылған қарулар арасында оқжатары бар Калашников автоматы, «ТОЗ-БМ» маркалы екі ұңғылы аңшылық мылтығы, «EKOL Special 99» маркалы травматикалық тапаншасы, Макаровтың тапаншасының оқжатары, «ГСЗ» маркалы 2 граната, «ЭШУ-200» 2 электршокері, штык-пышақ, 9 мм калибрлі 40 патрон, бос калибрі 16 мм гильзалар табылды, - делінген хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Табылған қаруларға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың табылғаны туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.