Биылғы вегетация маусымы қалай өтті? Диқандар судан тарылып қалған жоқ па? Құрылыс жұмыстарының қарқыны қандай? Жуырда вегетация кезеңінің аяқталуына байланысты «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалы мен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Баспасөз туры аясында облыстық, республикалық басылымдардың, телеарналардың тілшілеріне Жолдау жүктеген міндеттердің Жамбыл облысында жүзеге асуы, яғни су тапшылығын жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар, су қоймаларының, құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйі, вегетация кезеңінің қорытындысы таныстырылды.
БАҚ өкілдері алдымен Жамбыл ауданына ат басын бұрып, «Ирригациялық дренаждар жүйесін жетілдіру жобасының 2 фазасы» (ПУИД-2) аясында құрылысы жүргізілген каналдарды аралады.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, ПУИД-2 жобасы шеңберінде бүгінде облысымыздың 3 ауданында (Жамбыл, Қордай, Шу) орналасқан су шаруашылығы нысандарына «Халықаралық қайта құру және даму» банкінің қаржыландыруымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жарқын жоба 212,2 шақырым болатын 51 нысанды күрделі жөндеуге және 15,172 мың гектар суармалы алқаптың мелиортивтік деңгейін жақсартуға мүмкіндік бермек.
Жамбыл ауданындағы «Қапал» каналын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақындады. Мердігер – «Тамас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Каналдың ұзындығы – 80 шақырым 986 метр. Қалпына келтіру жұмыстары барысында лотоктар қойылып, монолитті бетон құйылды. Жалпы жөндеу жұмыстарына 10 техника, 20 жұмысшы тартылған, – дейді Қошқарбекұлы.
Баспасөз турына қатысушылар келесі кезекте Жамбыл ауданындағы «Қызыл Дихан» өндірістік кооперативіне барды. Журналистерге сұхбат берген кооператив төрағасы Нуриддин Бегманов биыл судан тапшылық көрмегенін, тиісінше өнімділік те жоғары болғанын жеткізді.
Кооперативтің 2 мың гектарға жуық жерінің 500 гектарын суғарамыз. ПУИД-2 жобасының арқасында суармалы жеріміз көбейді. Шынымды айтсам, бұрын егін еккенде көңілімізде қорқыныш басым болатын. Себебі су болмай қалып, еңбегің зая кетуі әбден мүмкін. Канал бетондалды. Су сарқырап ағып тұр. Енді судан тарықпаймыз деп ойлаймыз. Су жеткілікті болғандықтан келесі жылдан бастап қызылша алқабын ұлғайтпақ ниеттеміз. Биыл 100 гектарға қызылша ексек, 2022 жылы 200 гектарға жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда енді жұмыс істеуге, егін егіп, табыс тайқазанын тасытуға ешқандай кедергі жоқ, – деген Нуриддин Әділетұлы сушыларға алғысын жеткізді.
Келесі кезекте баспасөз туры «Еуропа қайта құру және даму банкі» есебінен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан «Сеңкібай» каналының бойында жалғасты. Мердігер – «Құрылыс ТЭД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған компания өкілінің сөзіне сүйенсек, құрылыс жұмыстарына 30 жұмысшы, 10 техника жұмылдырылған. Ұзындығы 21,8 шақырымды құрайтын каналдың 3 шақырымы бетондалған.
Осы орайда Қазыбек Қошқарбекұлы «Еуропа қайта құру және даму банкі» арқылы Байзақ ауданында бұдан бөлек Берікшал Имашев атындағы (МР-4) және Тұрсын Әбішев атындағы (МР-3) каналдары қайта қалпына келтіріліп жатқанын мәлімдеді.
МР-3 каналының жоба бойынша 8,60 шақырымына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуге тиісті болатын. Қазіргі таңда 8,10 шақырымы жөнделді. Ал МР-4 каналының 6,77 шақырымы плитамен қапталды. Негізі 7,4 шақырымы қалпына келтірілуі керек. Вегетациялық кезеңнің толық аяқталмауына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың вегетация кезеңі басталғанға дейін толық аяқталады деген жоспар бар, – дейді Бедебаев.
Құрылыс басында жүрген бірнеше шаруашылық төрағалары қалпына келтіру жұмыстары өте сапалы жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, жауапты мекеме мен мердігер компания басшыларына ризашылығын жеткізді.
Төрт жыл бойы ауылымызға, егістік алқаптарына су жетпей қалып еді. «Сеңкібай» каналының бетондалғанының арқасында көптен күткен арманымыз орындалды. Нәтижесінде биыл жүздеген гектарға бау-бақша, көкөніс егіп, қазір жемісін көріп отырмыз. Негізі бұрын да каналдан біздің ауылға дейін су жіберетін. Бірақ каналдың ең соңғы нүктесінде орналасқандықтан біздің ауылға, егістікке су жетпейтін. Себебі жер арна болғандықтан су жерге сіңіп кетеді. Әйтеуір, талай жыл жанымызға батқан қиындықтан да құтылдық. Сондықтан игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарымымыз жоқ, – дейді «Шөлтөбе-Агро» өндірістік кооперативінің төрағасы Ахмет Кембаев.
Сондай-ақ баспасөз туры аясында журналистер Байзақ ауданындағы «Аспан Агро» өндірістік кооперативінің қызылша және жоңышқа алқабына барып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Кооператив төрағасы Саха Манатов биыл 200 гектарға қызылша, 250 гектарға жүгері, 25 гектарға көкөніс еккенін, қазан айының соңына дейін жиын-терінді толықтау аяқтауды жоспарлап отырғанын айтты.
Ойдағыдай өнім алудың бірден-бір кепілі – су. Егер су болмаса өнім де болмайды. Мәселен біздің кооперативтің 700 гектар суармалы жері бар. Әрине 700 гектарды сумен қамту оңай емес. Дегенмен биылғы жылы ешқандай мәселе туындаған жоқ. Мәселен өткен жылы қызылша алқабын 2 рет қана суғарсақ, биыл 5 рет суғардық. Осыдан-ақ биыл судың мол болғанын түсінуге болады. 2021 жылы қызылшаның гектарынан 300 центнерден өнім алдық. Қызылша жинауды 15 қазанда бастап, 15 күнде аяқтаймыз. Су жеткілікті болды. Қызылшаның шығымы жаман емес. Сондықтан гектарынан 700-800 центнерден өнім аламыз деп ойлаймыз, – дейді Саха Манатов.
«Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асуы және вегетация кезеңінің қорытындысы» тақырыбында өткен баспасөз туры Байзақ ауданында қорытындыланды. БАҚ өкілдері Байзақ пен Талас аудандарының шекарасында салынатын «Ақмола» су қоймасының құрылыс орнына арнайы барды.
Баспасөз турын қорытындылап журналистерге сұхбат берген «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев алдағы ауқымды жоспарларға тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әр жылғы Жолдауларында су ресурсының тапшылығын маңызды мәселелердің санатына жатқызуда. Мәселен жуырда жариялаған Жолдауында Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуді тапсырды. Расында, стратегиялық құжат жүктеген міндетке сай инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыру жұмыстарына қарқын беру су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда аудандарда су шаруашылығы нысандарының құрылысы қарқынды жүруде. Екі ауданда аяқталып үлгерді. Қазір тапсыруға дайындап жатырмыз. Мұнан бөлек бес ауданда (Қордай, Меркі, Байзақ, Жуалы, Жамбыл) «Еуропа қайта құру және даму банкі» есебінен каналдарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 1 300 шақырымды құрайды. Нәтижесінде 53 мың гектар алқапты суғару мүмкіндігі туады. Сонымен қатар Меркі ауданында 46 скважина қалпына келтірілуде. Сол арқылы 2 700 гектар алқапқа үздіксіз су бере аламыз. Атқарылған жұмыстар аз емес. Тиісінше алдағы мақсат-міндеттер де ауқымды. Президенттің тапсырмасына сәйкес 16 каналдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар 2023 жылы жаңа су қоймасының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы Жолдауында Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қойма салынады деген болатын. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес Қырғыз Республикасына суға тәуелділікті жою мақсатында Жамбыл облысында 3 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Соның бірі – Талас ауданындағы көлемі 11,1 миллион текше метр болатын «Ақмола» су қоймасы. «Ақмола» су қоймасын Талас және Байзақ аудандарының шекарасының аумағында, Талас өзенінің бойында салу көзделуде. Су қойма пайдалануға берілсе, 6,5 гектар суармалы алқапқа кедергісіз су бере аламыз. Жаңа су қойманың жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге қаражат бөлініп, жобалаушы «КазГидро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп анықталды, – деді Қазыбек Қошқарбекұлы.
Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, облыс бойынша 781 мың гектар егістік болса, оның 179 мың гектары суармалы екен. Биыл 101 мың гектарға толығымен су жеткізіліпті.
Көктемде жауын-шашын мол түсті. Сол себепті де облымыздағы үлкен 9 су қоймасы, кіші 105 су қоймасы 90-100 пайызға сумен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда жиын-терін науқанын аяқтап келеміз. Өнім мөлшері бұрнағы жылдармен салыстырғанда өте жақсы. Бұл ретте сушылардың еңбегі орасан. Өнімнің мөлшері судың уақытылы берілгеніне байланысты, – деген Ербол Жұмабекұлы 2023 жылы қаржы бөлінсе, үш су қоймасының құрылысы басталатынын айтып өтті.