Жамбылдықтар қазақ тілін мобильді қосымша арқылы меңгеріп жатыр

30 Қазан 2020, 09:56
1494
Бөлісу:
Жамбылдықтар қазақ тілін мобильді қосымша арқылы меңгеріп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында 2020 жылы ересек топтарда мемлекеттік тілді оқыту курстарының саны артты. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы хабарлады.

Жыл ішінде 2 232 жамбылдық тегін курстардан өтіп, өткен жылмен салыстырғанда 767 адамға көбейді. Жыл соңына дейін барлығы 3000 адам қамтылмақ. 

Қордай ауданында «Тілдерді оқыту» орталығы ашылды. Облыс бойынша этностар тығыз шоғырланған аудандағы Масанчи, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Қарасу және Бәйтерек ауылдары бойынша жыл басынан 73 топ ашылып, 984 тыңдаушы оқытылып жатыр. 

Сондай-ақ, этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендерде қазақ тілінде тілдесу арқылы меңгерту, қазақ тілінде ойын еркін жеткізе білуге жағдай жасау мақсатында TedX форматында «SÓILE» клубтары жұмыс істеуде. Жыл ішінде «SOILE» клубтың 55 отырысы өтіп, 1000-нан аса өзге этнос өкілдері тілдік ортаға тартылды. 

Мемлекеттік тілді өз бетінше қарапайым деңгейде үйренуге арналған 16 сабақтан тұратын «QazOnline» мобильдік қосымшасы әзірленіп, іске қосылды. Оны тілдерді оқыту орталығы дайындаған. Қосымшаны кез келген ауыл, қала тұрғыны «Play Market» арқылы ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануына болады. Тегін программа арқылы әр адамның өзі жоспар құра отырып, тілді меңгеруіне мүмкіндігі бар. Қосымша авторлары қолдану кезінде еш қиындық болмайды деп сендіруде. Аз уақыт ішінде күнделікті өмірде қолданылатын ауызша сөйлеу тілі мен сөз тіркестерін меңгеруге, сөйлем құрауға, қарапайым деңгейдегі жазу дағдыларын үйренуге болады екен. Қосымшада сондай-ақ, өзін-өзі тексеру бөлімі де бар. Әр сабақты қаншалықты меңгергені жөнінде бағалау жүйесі қарастырылған. 

Қазіргі уақытта тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері аудандарды аралап, қосымша жұмысын түсіндіруге бағытталған жұмыстарды атқаруда. 

Есепті аралықта мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған 200-ге жуық қоғамдық-маңызы бар, шаралар өткізіліп, 50 000-нан астам адам қамтылды. 

Әлеуметтік жоба аясында тіл жанашырларынан тұратын «Қоғамдық тіл инспекциясы» құрылып, жұмыс жұргізуде.
Тіл инспекциясы 10 аудан мен Тараз қаласындағы көрнекі ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді қолдану барысына мониторинг жүргізді. 1021 нысан тексеріліп, 538-ден астам қателіктер анықталды.

Өзгелердің жаңалығы