Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында алғаш рет 15 жастағы балаға әлемді мойындатқан неміс технологиясы арқылы бас сүйегінің орнына титан пластик (жасанды темір) құрылғысымен күрделі ота жасалды, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Бастапқыда өзін бірқалыпты ұстап, ауырғанын байқамай, уақыт создырып, жүріп қалған жасөспірім аяқ астынан жағдайы нашарлап, әлсірей бастайды. Ата-анасы баланы жедел жәрдем көмегімен Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына әкеледі. Компьютерлік томографиялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның бұрыннан бас сүйегінде ақауы бар екені анықталып, әрі ишемиялық инсульт алып қойғаны да белгілі болады. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, баланың өмірін сақтап қалуға кіріскен.
Білікті нейрохирург Саят Жұмабаевтың басшылығымен балаға әлемді мойындатқан неміс технологиясы арқылы оң жақ бас сүйегінің ісіген бөлігі орнына титан пластик (жасанды темір) салынды.
Ең алғаш рет Германияда қолданылған титандық пластика - қазіргі ең соңғы хирургиялық жетістіктердің бірі болып есептелінеді. Олар 1996 жылдан бері шіріген үш сүйекті алып тастап, орнына сондай үлгідегі титаннан жасалған протез салуда. Бүгінде Германияда ондай протездің 25 түрі шығарылып, он жылдан бері қолданысқа түскен. Бұл протез темір болғанымен, салмағы 2-ақ микрограмм, өте жұқа әрі нәзік. Титандық пластикалық операцияның нәтижесінде ми тамырларының қабынуы, ісіну жағдайлары азаяды. Оны салу асқан «зергерлік» жұмысты талап етеді. Қазіргі таңға немістер Еуропа көлемінде 120 мың титан протезін ілген. Осы арқылы адамның өмір сүру қабілетін арттырып қана қоймай, сонымен бірге бастың ішіндегі қабыну, ісіну және жалпы ауру жағдайларының алдын алатын бұл тәсілдің елімізде қолданылып келе жатқанына көп болған жоқ. Модельденген титан торының қолданылуы арқылы бас сүйегінің кемістігіне жасалатын отаны Тараздық дәрігерлер алғаш рет жасап отыр.
Науқастың отадан кейінгі жағдайы күн өткен сайын жақсарып келеді. Алайда, жасөспірімнің денсаулығын ұдайы бақылап отыру үшін дәрігерлер оған тексеріліп тұруды және жылына екі мәрте оңалту орталығына келіп, тұрақты ем қабылдауды ұсынады.