Жамбылдық диқандар тиімді дақылдар өндірісіне көшуде

3 Қыркүйек 2020, 05:40
1591
Бөлісу:
Жамбылдық диқандар тиімді дақылдар өндірісіне көшуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру тұрғысынан өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі. 

«Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС базасында өткен «Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігінің негізі» семинар-кеңесінің жұмысына өңір басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.

Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен өз-өзімізді қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Сондықтан бізге отандық өнімді шығару мен қайта өңдеуді ұлғайтып, жақын болашақта экспорт көлемін арттыру керек. Егіншіліктің мәдениеттің дәстүрлі түрлерімен шектеліп қалмай, үлкен сұранысқа ие дақылдарға айрықша назар аударып, басымдық беру қажет, - деді облыс әкімі.

Сапарбаев фермерлердің назарын табысты арттыруға бағыттады.
Бұл орайда тұқымдардың сапасына ерекше ден қою керек, өйткені облыстағы фермерлердің 21 пайызы төртінші және бесінші репродукциялы тұқымды пайдаланады. Сол себепті олар мол өнімге қол жеткізе алмайды. Тағы бір мәселе шаруа қожалықтарының бәрі бірдей минералды тыңайтқыштарды қолданбайтындығы болып отыр. Бірақ жерге де күтім қажет. Бұл өнім көлеміне тікелей әсер етеді. Осы орайда мемлекет бұл мәселеге көмектесуге тырысып, субсидиялар бөлуде. Дегенмен нәтиже ойдағыдай емес. Техниканың жағдайы да маңызды рөл атқарады. Өздеріңіз білетіндей, өсімдік майына сұраныс жыл сайын артып келеді десек, бұл әсіресе рапсқа қатысты. Сондықтан біз де осы дақылды өсіруді қолға алуымыз керек, - деп санайды ол.
Семинарда сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев сөз алып, ауылшаруашылық дақылдарын егудің 2021 жылға арналған жоспары туралы баяндады. Сондай-ақ, ол шаруа қожалықтарын ауылшаруашылық холдингтеріне біріктіру жұмыстары туралы айтты.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, егістік алқаптары 50 гектарға дейінгі шаруа қожалықтары 11 агроқұрылымға бірігуі керек. Бүгінгі күні үш ауылшаруашылық холдингі құрылған, - деп атап өтті ол.

«Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Андрей Агеенко институт жетістіктері туралы және заманауи технологиялар туралы тоқталып өтті. Ол диқандарға рапс сияқты пайдалы және өсіруге қолайлы ауылшаруашылық дақылдарына назар аударуды ұсынды.

Рапс - өте қарапайым өсімдік. Сонымен қатар, рапс майын тамақ пісіруден металлургияға дейін қолдануға болады. Сондықтан бұл майлы дақыл өте бағалы болып саналады және жоғары сұранысқа ие, - деп түсіндірді Андрей Агеенко. 
Оның баяндамасы институтпен ынтымақтастық орнатқысы келетін фермерлердің айтарлықтай қызығушылығын оятты. «AsiaWaterGroup» ЖШС бас директоры Қайрат Тәжітаев Алматы облысындағы пияз өсіру тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, кәсіпорын пияз сапасы бойынша еуропалық деңгейге қол жеткізген. Ол облыс аумағында пияз өндірушілер қауымдастығын құруды ұсынды. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев жыл сайын пияз өткеру ісі қиындап жатқанын атап өтті.

Біздің шаруалар пияз өсіруден айтарлықтай пайдаға шыға алмауда, өйткені, оны сақтайтын жер жоқ. Сондықтан, олар оны мүмкіндігінше арзан бағаға болса да тез сатуға тырысады. Егер біз өнімді көктемге дейін сақтай алсақ, онда шаруашылықтар пайдаға кеңелер еді. Сондықтан кез келген дақылды өсіру кезінде оған деген сұранысты ескерген жөн, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ, басқосуда Өсімдіктерді қорғау және карантин институты бас директорының орынбасары Жан Ниязбеков өсімдік зиянкестерімен күресу шаралары туралы тілге тиек етті. 

«Агрокомплекс Жетісу МаЖиКо» ЖШС бас директоры Элизбар Скокбаев 2021 жылға арналған рапс қабылдау тәртібі туралы айтса, «Тараз ӘКК» АҚ төрағасы Олжас Қаржауов ауылшаруашылық техникаларын жаңарту мәселесін көтеріп, «Trade-in» бағдарламасы жайында баяндады.

Семинар соңында Бердібек Сапарбаев Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. 
Қазір күзгі дала жұмыстары басталды. Әлемдік нарықта сұранысқа ие күздік дақылдардың егістік алқабын біз мүмкіндігінше арттырғанымыз абзал. Рапсқа деген сұраныстың көптігіне байланысты оны күздік дақыл ретінде себуіміз қажет, - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, аудан әкімдері ауылшаруашылық техникаларын барынша жаңарту үшін шаруа қожалықтарымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс жасауы керектігі айтылды.




Өзгелердің жаңалығы